
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Мысырда өлі табылған елшілік қызметкерінің аяқ-қолы байланған күйі табылғаны жайлы мәліметті жоққа шығарды.
«2019 жылдың 19 желтоқсанында сағат 11.15-те Мысырдағы елшілік қызметкері Еламан Жолдасовтың әйелі күйеуін пәтер есігінің алдында өлі күйде тапты. Бұл туралы ол бірінші кезекте елшіліктегілерге айтты. Дипломаттар пәтерге 5-7 минут ішінде келіп, қажетті шаралардың барлығын қолданды. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі, полиция жасағы, прокуратура мен криминалдық полициядан құралған тергеу тобы келді», — деді Смадияров. Ол қайтыс болған дипломаттың әпкесі Гүлнар Пернебекованың бауырының арқасы түгелдей қан болғаны және аяқ-қолы байланған күйде табылғаны жайлы айтқанын жоққа шығарды. «Бұл шындыққа жанаспайды. Дипломаттың мойнында жіп болды. Денесінде жарақаттар болған жоқ, аяқ-қолы байланбаған болды. Бұған оқиға орнынан түсірілген фото мен видеоматериалдар дәлел», — деді Смадияров. СІМ ресми өкілі Қазақстанның СІМ қызметкерлерінің 15 желтоқсанда Каирге қызметтік тергеу жүргізуге кеткенін хабарлады. Қазіргі уақытта Мысыр прокуратурасы осы істің мән-жайын анықтап жатыр. «Тергеу аясында сот-медициналық сараптама жүргізілді, нәтижелері таяуда жолданады. ҚР СІМ өкілдері Қазақстанда тағы да сот-медициналық сараптама жүргізетін болды. СІМ ұжымы әріптесінің өліміне көңіл айтады. Бұл біз үшін үлкен соққы болды. Еламан Жолдасов жақсы адам болатын, өз ісінің маманы. Мысыр БАҚ-тарында ол туралы көп айтатын. Сұхбаттар беретін», — деді Смадияров.