
Сәуір айында отандық тарихшы һәм саясаттанушы Сұлтан Әкімбековтің «Қазақтар: төңкеріс пен аштық жылдары арасында» атты кітабы жарық көрді. Автор өз еңбегінде қазақ тарихындағы осынау қиын-қыстау кезеңге егжей-тегжейлі тоқталады.
Сөз жоқ, Сұлтан Әкімбековтің бұл еңбегі Қазақстан тарихындағы тың пікір, жаңа көзқарас. Бүгінге дейін 1917-1936 жылдар арасында қазақ халқы басынан кешірген шырғалаң заманды дәл осылай суреттеген ғылыми еңбек болған жоқ.
Аталған кезеңде Ресейде төңкеріс болды. Қазақтың саяси тұлғалары қалыптасты. Азамат соғысы өршіді. Қазақ автономиясы құрылды. Орталық Азияда ұлттық-аймақтық межелену процесі жүрді. Дәстүрлі өмір салты жаңғырып, түбегейлі өзгеріске ұшырады. Ұжымдастыру және одан кейінгі 1931-1933 жылдары алқымнан алған ашаршылық.
Кітап 1936 жылы Қазақ автономиялық республикасының одақтық республика мәртебесін алған кезеңмен аяқталады. Шын мәнінде, бұл Қазақстанның келешек тәуелсіздігінің басты шарты болғаны анық. Өйткені 1936 жылы Башқұрт және Татар республикалары РСФСР құрамында автономиялық болып қалғаны мәлім.
Кітапта қазақ тарихындағы ең қиын, сонымен бірге ең маңызды кезең суреттеледі. «Қазақтар: төңкеріс пен аштық жылдары арасында» кітабы еліміздің тарихи ғылымындағы үлкен оқиға екеніне дау жоқ. Оның ар жағында автордың талмай ізденуі, жанкешті еңбегі жатыр. Мұнда ең күрделі сауалдарға қарапайым тілмен жауап берілген.
Айдос Құсайынұлы