Шындық айтылсын, Кінәлі жазалансын!

18 ақпан 2022, 11:51

Қазір әлеуметтік желілерде «ереуілде террористер де, содырлар да болған жоқ» деген, Президент сөзін жоққа шығару синдромы жүріп жатқанын байқаймыз. «Лаңкестер де, содырлар да болған жоқ» деп соғып отырғандар бұл жауапсыз сөздерінің бейбіт ереуілшілерге жабылған жала екенін ойлануы тиіс. Содырлар жоқ болса, лаңкестер жоқ болса, онда 19 полицей мен сарбазды кім өлтірді, екі полицейдің басын кесіп алғандар кімдер? Өз жұмысымен кетіп бара жатқан жеткіншекті, жастарымызды кім өлтірді, бейбіт ереуілшілер ме? Әкімдік пен мемлекеттік органдарды өртеп, шабуыл жасағанда бақылау камераларын атып түсірген снайперлердің бейбіт шерушілерге де оқ жұмсағаны туралы ақпараттар жүр. Бұлардың бәрі анықталып, жазаға тартылуы тиіс.

Сол асүйінен шықпай-ақ, диванда жатып алып жазып жатқандар полицияда қызмет етіп жүрген немесе әскерде ел қорғап жүрген ұлдарын содырлар өлтіріп кеткен, боздағын жоқтап боздап отырған әке-шешеге барып, «ешқандай содырлар жоқ, лаңкестер жоқ» деп айтып көрсінші, не болады, не естиді екен сонда?!. Лаңкестер мен содырлар деген бір жақтан арнайы іссапармен келетін, содыр не лаңкес деген анықтама куәлігі бар қылмыскерлер ғана емес, осы елімізде, ішімізде жүргендер де адам өлтірсе, мемлекеттік ғимараттарды өртесе, олар да лаңкестер мен содырлар. Кім болса да, лаңкестік пен содырлық жасаса, солар содырлар мен лаңкестер. Жазықсыз жандарды атып, арандатушылық жасаған күштердің шабуылынан қазіргі олардың интернеттегі іріткі салып, арандатулық шабуылдары да ешбір кем соғып жатқан жоқ. «Өтірікті қаншалықты көбірек қоссаң, соншалықты сенімді болады» деген ұстаным олардікі. Кейбір қарапайым жұрттың ешнәрсеге көзі жетпесе де, өзгенің жаласына сеніп, қолдау жасаған әр лайктары, әр айыптау сөздері арандатушы күштердің атқан оқтарына айналып жатқанын аңғармауда. Бұл туралы Президент те «мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылғандар идеологиялық диверсияны жақсы меңгерген» деп атап айтты. Идеологиялық диверсия интернетте әлі жүріп жатыр. «Мемлекетке сатқындық жасады» дегендері де жалған, лаңкестік пен содырлықтар да жалған, әйтпесе, олардың үстінен қозғалған қылмыстық істер қайда?» дегендерге кеше Президент қабылдаған Бас прокурор жауап берді. 15 іс мемлекетке опасыздық жасау, өкілеттіктерді асыра пайдалану және билікті басып алуға әрекет ету бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарауында жатыр. 179 іс арнаулы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілері бойынша тексеруде. 173 іс — құқық қорғау органдары қызметкерлерінің адам құқығын қорғау емес, қорлауы бойынша, яғни лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны туралы азаматтардың шағымдары бойынша жүргізуде. Бас прокуратура мен құқық қорғау органдары қолдарында бар дәлелдерді, бейне-фото материалдарды түгел жариялауы тиіс. Ел барлық шындықты өз көзімен көруі керек. Әйтпесе, бұл ақпараттық кеңістікті түрлі күмәнді бейне-фотолар мен фейк-постылар толтыруда. Сондықтан да әлеуметтік желілер мен ақпараттық алаңда мемлекеттік органдар мен ресми ақпарат құралдарының емес, олардың сөзі өтімді болып тұр… Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының мәліметі бойынша, 2019 жылдың аяғында Қазақстанда 20 мыңнан астам деструктивті діни идеологияны ұстанушылар өмір сүргенін естен шығармайық.

Қаңтар қасіретінде Президенттің барлық жауапкершілікті өзі көтеруі мемлекетті сақтап қалды. Мұндай жағдай, мемлекеттік төңкеріс қазақ тарихында, берісі біз білетін кейінгі жүз жылдықта бірінші рет болып отыр. Кез келген мемлекеттік төңкеріс құрбандықсыз болмайды, 227 адамның қаза тапқаны орны толмас ауыр қайғы!. Ал Президент бар жауапкершілікті өз мойнына алмағанда қазір соғыс әлі жүріп жатуы, құрбандар саны одан ондаған есе көбейіп кетуі де мүмкін еді. Тіпті мемлекеттігіміз сақталып қалуы да неғайбыл болар еді. Президент әрісі Мемлекетті, берісі елді азамат соғысынан сақтап қалды. Енді, ел боламыз десек, әлеуметтік желілер мен ютуб арналарында билікке тәуелсіз болып келген, тіпті биліктің тұрақты сынаушыларына айналған белгілі қоғам қайраткерлері де ашық жазып жатқандай, Мемлекетті сақтап қалуымыз үшін, Мемлекет басшысын қолдауымыз керек. Барлық шындық ашық айтылуы тиіс! Кінәлілер қатаң жазалануы керек! Сонда ғана ел сенеді. Әйтпесе, мұндай бұлғақ жалғаса береді. Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Қазыбек Иса,
Мәжіліс депутаты

30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек
29 қыркүйек, 22:52
Су үнемдеудің сәтті тәжірибесі
27 қыркүйек, 16:46
Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл - мал ұрлығына тосқауыл