
Қызылжар өңірінің өрендері жазғы демалыста шығармашылық шабытын шыңдап жатыр. Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайында жұмыс істейтін «Шынайы әлем» студиясына келетін 4-12 жас аралығындағы өрендер сурет салу және декоративтік-қолданбалы өнердің негізін үйреніп жүр.


Jas Qazaq газетіне балдырғандардың өнерге деген құлшынысы жайында әңгімелеп берген тәжірибелі тәлімгер, қосымша білім беру бойынша жоғары санаттағы педагог Юрий Кузнецов мұнда шәкірттер өздері сүйіп оқитын қазақтың ұлттық ертегілеріндегі кейіпкерлерді сомдайтынын атап өтті. Балалар, міне, бір айдан бері экопластикадан ұлттық нақышпен безендірілген «Дастархан» атты ұжымдық панноны дайындау үстінде. Аталған туындыны жасауға барлық жастағы кішкентай өнерпаздар атсалысып жатыр екен. Панно дайын болған соң Оқушылар сарайында келушілердің назарына ұсынылады.


Балалар шығармашылығын тек жергілікті өнерсүйер қауым ғана бағалап қоймайды. Бұл күндері өрендер Беларусь Республикасының Могилев қаласында өтетін халықаралық «Анимаевка-2020» фестиваліне қатысу үшін дайындыққа кірісіп кетті.


Ғалия Қалиева