
Катар елінің астанасы Доха қаласында Шымкент қаласының туристік және инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылуда.
Қазақстан Республикасынан аталған көрмеге Шымкент қаласының таныстырылуы бойынша Дохадағы ҚР Елшілігінен шақыру хат келген болатын. Осы көрмеге қатысып жатқан Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов бастаған бірқатар депутат пен Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров, туристік бизнес өкілдері қатысып, қаланың туристік әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктерін баяндап берді.
–Шымкент — аумағы жағынан Қазақстанда қалалар арасында бірінші, халық саны бойынша үшінші орынды алатын мегаполис. Қаланың географиялық тұрғыда орналасуы да Орталық Азия елдерімен логистикалық байланыс пен экономикалық орталық құруға ыңғайлы. Қалада инвестиция тарту мен кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жағдай жасауға көңіл бөлінген. Осы ретте, өткен жылы тартылған инвестиция көлемі 462 млрд. теңгені құрады. Одан өзге, туризм саласы бойынша да 2021 жылы шетелден келуші туристер саны бойынша Шымкент елімізде 3 орынға ие болды», — деген Ерлан Ермекұлы Шымкенттің туристік әлеуетін келіп көруге және инвестициялық жобаларды іске асыруға шақырды.

Осы жылдың 6-9 маусым, яғни 3 күнге созылатын ауқымды іс-шараға әлемнің 40-қа жуық елі қатысып жатыр. «Hospitality Qatar – 2022» қонақ үй бизнесіне арналған Халықаралық ауқымды көрме болып табылады. Аталған көрме соңғы іске асқан және туризм мен қонақжайлылық бойынша перспективті жобаларды жүзеге асыруға арналған, келушілер міндетті түрде көруі тиіс іс-шара ретінде өз орнын тапқан. Ал, Шымкент қаласын таныстыру арқылы — келуші туристер санын арттыруға және жаңа жобалар жасау үшін инвесторлар тартуда маңызды көрме болып саналады.
Шымкент қаласында туристік әлеуетті арттыру үшін инфрақұрылымды жетілдіру, маркетингті ілгерілету, сервисті жақсарту, сыртқы байланысты нығайту және креативті индустрияны дамыту бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қалада 2021-2023 жылдарына жоспарланған, жеке инвестиция есебінен 11 қонақ үйдің құрылысы басталған болатын. Оның 2-і өткен жылы іске қосылса, бүгінде 9 қонақ үйдің құрылысы жүруде.
Биыл 6 қонақ үй мен 1 хостел, 2023 жылы 2 қонақ үй қолданысқа берілуі жоспарланған. Нәтижесінде, 6,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, 417 жаңа жұмыс орны ашылады.
Тоқтар Жақаш