
Шымкентте мәдениет саласын дамытуға және қала тұрғындарының мәдени өмірге белсенді араласуына бағытталған жұмыстар жалғасуда. Қаладағы 22 мәдениет мекемесінде 2 537 қызметкер еңбек етеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында шаһарда 3 418 мәдени-бұқаралық және ресми іс-шара ұйымдастырылып, оларды 2,3 млн-нан астам адам тамашалаған. Сонымен қатар театрлар жаңа қойылымдар ұсынса, музейлер мен кітапханаларда танымдық жобалар өткізілуде. Шымкент өнерпаздары республикалық және халықаралық байқауларда да жүлделі орындарға ие болды.
Қаланың мәдени тынысы туралы Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова Jas Qazaq тілшісіне айтып берді.
– Мөлдір Ұбайділләқызы, Шымкенттің мәдени өмірінде биыл қандай өзгерістер бар? Қала тұрғындары үшін мәдени шаралардың ауқымы қандай?
– Бүгінде басқармаға қарасты 22 мәдениет мекемесі қала тұрғындары мен қонақтарына тұрақты қызмет көрсетеді. Олардың қатарында жеті театр, алты кітапхана және оның 37 филиалы, музейлер бірлестігі, Шымкент циркі, зоологиялық саябақ, концерттік ұйымдар, концерттік-көрме орталығы, мемлекеттік архив, Тілдерді оқыту әдістемелік орталығы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы бар. Сондай-ақ бес клуб пен бес мәдениет үйін қамтитын Мәдени іс-шараларды ұйымдастыру дирекциясы жұмыс істейді.
Биылғы жылдың алты айында қалада 3 418 мәдени-бұқаралық және ресми іс-шара өткізіліп, 2 389 455 адам қамтылды. Оның ішінде екі республикалық және 35-тен астам мемлекеттік әрі мерейтойлық іс-шара бар.
Жыл басынан бері Алғыс айту күні, «Наурызнама» онкүндігі, Халықаралық әйелдер күні, Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні, Балаларды қорғау күні сияқты маңызды даталарға арналған шаралар ұйымдастырылды. Ұлттық кітап күні, Халықаралық музейлер күні және Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні де мазмұнды іс-шаралармен атап өтілді.
Сонымен бірге қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған «Шымқала кештері» жобасы жалғасып келеді. 2024 жылдан бері демалыс күндері саябақтар мен ашық алаңдарда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, жоба тұрақты форматқа көшті. Бүгінде ол тұрғындар арасында кең қолдау тауып, қаланың мәдени имиджінің бір бөлігіне айналды.
– Театр, цирк және музейлердегі жұмыстарға жеке тоқталсақ. Көрермендерге қандай жаңа дүниелер ұсынылды?
– Қазір Шымкентте жеті театр жұмыс істейді. Оларда 834 қызметкер еңбек етсе, оның 448-і — шығармашылық құрам. Жылдың алғашқы алты айында тарихи-драма, комедия, опера және балалар қойылымдарын қамтитын 25 премьера жоспарланып, 16 жаңа спектакль сахналанды.
Олардың қатарында Гаэтано Доницеттидің «Махаббат сусыны», Уильям Шекспирдің «Гамлеті», Михаил Булгаковтың «Сон в 8 картинах», Рашид Отарбаевтың «Махаббат мұнарасы» және басқа да қойылымдар бар.
Шымкент циркінде де екі премьера қойылып, жалпы 45 қойылым көрерменге ұсынылды. Оларды 29 800 адам тамашалады. Сонымен қатар «Шымкент-цирк» эстрадалық оркестрі жұмыс істейді.
Музейлер бірлестігі бес бөлімнен тұрады. Қорда 32 055 экспонат бар, оның 27 108-і электронды форматқа енгізілген. Алты айда 22 көрме, 755 экскурсия және 14 көпшілік іс-шара өткізіліп, 26 745 адам қамтылды. Музей қоры тағы 188 жаңа экспонатпен толықты.
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында да ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыстар жүргізіледі. Биыл жеті іс-шара, 90 экскурсия ұйымдастырылып, 6 637 адам қамтылды.
– Шымкент өнерпаздарының республикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктері қандай?
– Қала өнерпаздары биыл бірнеше ірі байқауларда жоғары нәтиже көрсетті. Эстрада әншісі Фариза Беймаханбет «Жұлдыз-2026» республикалық байқауында Бас жүлде, дәстүрлі әнші Асылбек Бейсов «Көктем-қыздар» байқауында Бас жүлде иеленді.
Сонымен қатар дәстүрлі әнші Алмасқожа Музаппаров «Түркістан мақамдары» байқауында ІІІ орын, оркестр әртісі Дәулет Оңғар «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауында ІІІ орын алды.
Шымкент циркінің Сергей Мұстафин бастаған командасы Қытайдың Юньань провинциясында өткен халықаралық цирк фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Өзбек драма театры Таразда өткен халықаралық актерлік өнер фестивалінде «Дара» медалін иеленді. Әзіл-сықақ және сатира театры республикалық байқауда арнайы жүлде алды. Ал Шымкент қалалық Жастар театры Румынияның Тырговиш қаласында өткен XIV «Babel» халықаралық орындаушылық өнер фестиваліне қатысты.
Жалпы есепті кезеңде қала өнерпаздарының 10 халықаралық мәдени іс-шара мен фестивальге қатысуы қамтамасыз етілді. Сонымен бірге төрт республикалық және бір халықаралық байқауда жүлделі орындарға ие болып, 2 Бас жүлде, 1 ІІ орын және 2 ІІІ орын жеңіп алды.
Бұл – Шымкенттегі мәдениеттің тек қала көлемінде ғана емес, республикалық және халықаралық деңгейде де дамып келе жатқанын көрсетеді.
Олжас Әбдіхалық