
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала аумағындағы өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысты. Алдымен жаңадан құрылып жатқан «Жұлдыз» индустриялық аймағына барып, құрылыс жұмыстарының барысын көрді.
Жалпы аумағы 306 гектар аймаққа инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа индустриялық аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. 200 млрд. теңгеден астам қаржыға 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Қазіргі таңда 100 млрд. теңге тұратын 17 жобаға жер телімдері бөлінді.
Қала әкімі іске асырылатын әрбір жобамен танысып, өзекті мәселелерін талқылады. Тиісті басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Мұнан кейін қала басшысы «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан Орталық Азияда теңдесі жоқ алюминді банкілер шығаратын зауытқа барды.
«KazALPack» ЖШС-ның көлемі 6 гектар. Инвестициялық жобаның құны — 23,4 млрд. теңге. Жылына 500 млн қақпағы бар банкі шығаруға қауқарлы кәсіпорын 157 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнімнің 80 пайызы ішкі нарыққа, қалған бөлігі экспортқа шығарылады. Зауыт өткен айда техникалық пайдалануға берілді. Өндірілген өнім елге келген импорттың 60 пайызын алмастыра алады.
Қалада инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға көп мүмкіндіктер қаралған. Кәсіпкерлерге арнайы индустриялық аймақтардан жер телімі бөлініп, тнфрақұрылыммен қамтылады. Осындай инвестициялық жобаның бірі жаңадан ашылатын «Авангард» зауыты. Шыны конструкциялар өндіретін кәсіпорынға ат басын бұрған қала әкімі, құрылыс жұмысын көрді.
Құны 5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба жүзеге асқанда 50 жаңа жұмыс орны құрылады. Толығымен ішкі нарықты қамтиды. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталған. Құрал-жабдықтар орналастырылуда.
Тоқтар Жақаш