
Шымкент қаласы бас жоспарының жобасын қоғамдық талқылауда 149 ұсыныс түскен. Олардың арасында инженерлік жабдықтау, қоғамдық көлікті дамыту, қала аумағын абаттандыру, мектеп, балабақша, емхана мен спорт және демалыс орындарын салу мәселелері бар.
Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың айтуынша, барлық ұсыныстар сараланып, құзырлы мемлекеттік органдармен келісіледі. Ең тиімді ұсыныстар бойынша бас жоспардың жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Нәтижесінде жыл соңына дейін қаланың жаңа бас жоспары толық әзірленіп, ҚР Премьер-министрінің келісімінен кейін, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.
Айта кетейік, бас жоспарды әзірлеу үшін 2021 жылы «Градкомплекс» ЖШС-мен Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы арасында келісімшарт түзілген. Құжатты әзірлеуге ТМД елдерінен көлік инфрақұрылымы бойынша үздік мамандар, сәулет және құрылысы саласындағы ғалымдар мен бас жоспар әзірлеу жөнінде мол тәжірибеге ие сарапшылар шақырылды.
Олар қаланың шекараларын айқындап, аумақтық даму схемаларын, тарихи, мәдени және рухани мұраны сақтау және пайдалану тұжырымдамасын, орталықтарды, өндіріс орындарын, селитебті және рекреациялық аймақтарды орналастыру жобасын әзірлеген. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымын дамыту ұстанымдары, соның ішінде жаңа әуежайдың, теміржол вокзалының, автобекеттің орналасатын орындарын анықтап, экономикалық кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, экологиялық жағдайды жақсарту бойынша концептуалды ұсыныстар әзірлеген.
Шымкенттің бұған дейінгі бас жоспары 2012 жылы бекітілген болатын. Әрине, ол кезде қаланың көлемі басқаша еді. 2015-2018 жылдар аралығында сол бас жоспарға өзектендіру енгізілді. Ал жаңа бас жоспар қаланың 2035 жылға дейінгі даму жоспарын қамтиды. Бұл құжаттың ерекшелігі сол – қаланың аумағы жалпы 275 кадастрға бөлінген. Алғаш рет Шымкенттің 117 мың гектар аумағының барлығына 1:10 000 масштабда векторлық топотүсірілім жасалды. Жаңа бас жоспарға сәйкес, қаланың дамуы полиорталық принципімен жүреді. Яғни, қаланың бір ғана орталығы мен басқа шеті деген ұғым болмайды, әр ауданның өз білім беру орталықтары, демалыс аймағы, әлеуметтік нысандары сияқты орталығы болады. Бұған қоса жаңа құжатта ЛРТ, БРТ сияқты көлік желілері орналасады. ЛРТ – жеңіл рельсті көлік, ал БРТ – арнайы жолақтағы автобус. Бұған қоса тағы бір ерекшелік, 2012 жылғы бас жоспарда қалаға соғатын желдің бағыты ескерілмеген. Қалаға жел көбінесе шығыс жақтан соғады. Ал қазіргі жоспарда желдің бағыты ескеріліп, ірі өнеркәсіп орындары қаланың батыс аймағындағы жаңа индрустриалды аймақта орналасады деп жоспарлануда. Шымкенттің солтүстік-шығыс бағытында көп қабатты үйлер көптеп салынады деп күтілуде.
Тоқтар Жақаш