
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялануына орай Шымкентте дарынды балаларды қолдауға арналған түрлі игі бастамалар жүзеге асырылуда. Балалар жылы аясында бүгін Шымкент қаласының дарынды балалары мен жалынды жастары марапатталды. «Дарынды балалар фестивалі» балалар жылының бастауы ретінде ұйымдастырылды.
Оқушылар сарайында өткен мерекелік іс-шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, Шымкентте балаларды қолдауға арналған игі бастамалар жүзеге асырылып жатқанын айтты.
– Мемлекет басшысы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының бастамасымен оқушыларды, балаларды қолдауға арналған түрлі іс-шаралар қолға алынған. Көптен бері алғаш реті 150 мың жуық оқушы бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде, оған қоса, 60 мың оқушыға арналған тегін үйірмелер жұмыс істеп тұр. Мұның барлығы сіздер сапалы білім алу үшін арналған. Себебі, оқушылар, жастар неғұрлым білім алып, дамыса, еліміз де соғұрлым дамиды. Сіздердің табыстарыңыз – мемлекеттің табысы! – деді Ш.Мұқан.
Бұдан кейін білімімен, дарынымен, өнерімен топ жарып жүрген оқушыларға қала әкімінің алғыс хаттары мен грамоталар, сыйлықтар табыс етілді. Олар – республикалық шығармашылық оқулардың, олимпиалар мен басқа да сайыстардың жеңімпаздары болған оқушылар.
2021-2022 оқу жылында Шымкенттің 500-ден астам оқушысы халықаралық, республикалық, деңгейдегі түрлі білім бәйгесінде топ жарған.
Бүгінде қалада 11 қосымша білім беру ұйымы, 17 аула клубы және мектепішілік түрлі үйірмелерде 242 525 оқушының 77% (186 986 оқушы) қосымша біліммен қамтылған.
Сонымен қатар 60 тан астам мектептің спорт залдарын жалға беру арқылы спорттық секциялар ашылды. Одан бөлек, жаңадан заманауи «Оқушылар» сарайының құрылысы басталды. Осы жұмыстардың аяқталуымен 2025 жылға дейін оқушыларды қосымша біліммен қамту 100 пайызға дейін жетпек.
Тоқтар Жақаш