jasqazaq.kz

Шымкентте жасанды интеллект полиция жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталуда

Бүгін, 13:42

Шымкентте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен енгізіліп келеді. Қаладағы бейнебақылау жүйелері интеллектуалды бейнеаналитикамен толықтырылып, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға басымдық берілуде. Жыл басынан бері бет-әлпетті тану технологиясы арқылы іздеуде жүрген 94 адам анықталып, полицияға жеткізілген. Сонымен қатар бейнебақылау жүйелерін бірыңғай аналитикалық платформаға біріктіру және жол қауіпсіздігін цифрлық технологиялар арқылы күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осы бағыттағы жұмыстар туралы Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Дәулеткелді Абраманов Jas Qazaq тілшісіне айтып берді.

– Қазіргі таңда Шымкентте бейнебақылау және жасанды интеллект қандай міндеттерді шешуге мүмкіндік беріп отыр?

– Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Соның негізгі бағыттарының бірі – бейнебақылау жүйелерін дамыту және оларды интеллектуалды бейнеаналитикамен қамтамасыз ету.

Қазіргі уақытта қала аумағында жұмыс істейтін бейнебақылау жүйелері адамның бет-әлпетін тану, көлік құралдарының мемлекеттік нөмірлерін анықтау, қаруды, төбелесті, адамдардың көп шоғырлануын, түтінді және қараусыз қалған заттарды анықтау сияқты мүмкіндіктермен толықтырылуда. Бұл технологиялар полиция қызметкерлеріне оқиғаларды тіркеп қана қоймай, оларды автоматты түрде анықтап, дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.

Жасанды интеллектіні қолданудың нақты нәтижелері де бар. Жыл басынан бері бет-әлпетті тану технологиясының көмегімен іздеуде жүрген 94 адам анықталып, ұсталып, полицияға жеткізілді. Бұл цифрлық технологиялардың қылмыстың алдын алу және іздеудегі адамдарды анықтау бағытында тиімді құралға айналып келе жатқанын көрсетеді.

– Бейнебақылау жүйелерін біртұтас платформаға біріктіру қандай нәтиже береді?

– Қазіргі таңда қаладағы қолданыстағы бейнебақылау жүйелерін, оның ішінде «Сергек» жүйесін және басқа да ведомстволық әрі нысандық жүйелерді бірыңғай аналитикалық платформаға біріктіру жұмыстары жүргізілуде.

Мұндай жүйе бейнеақпаратты орталықтандырылған түрде талдауға және анықталған оқиғалар туралы Жедел басқару орталығына нақты уақыт режимінде автоматты түрде хабарлауға мүмкіндік береді. Бұл полицияның оқиғаға ден қою уақытын қысқартуға бағытталған.

Цифрлық технологиялар полиция қызметінің ішкі тиімділігін арттыру үшін де қолданылуда. GPS жүйелері мен қаланың электрондық картасы арқылы полиция нарядтарының орналасуы мен қозғалысы тәулік бойы бақыланады. Бұл қызмет атқару тәртібін бақылауға, қажет болған жағдайда күштерді жедел қайта бағыттауға және оқиға орнына жақын орналасқан нарядты анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар полиция қызметінде жасанды интеллект элементтері бар роботтандырылған техниканы қолдану бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Оның бейнеаналитика жүйесімен байланысы полицияның технологиялық мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.

– Алдағы уақытта бұл технологияларды қай бағыттарда дамыту жоспарланып отыр?

– Жол қауіпсіздігі саласында да интеллектуалды технологиялар енгізілуде. «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» жобасы арқылы жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін автоматты түрде анықтау мүмкіндігі енгізілді. Алдағы уақытта мұндай жүйелерді қаладағы басқа да жаяу жүргіншілер өткелдеріне енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты бұзушылықтарды анықтау мүмкіндіктерін кеңейту көзделіп отыр.

Келесі кезеңдегі негізгі басымдықтардың бірі – қолданыстағы цифрлық жүйелерді біртұтас қауіпсіздік платформасына біріктіру, интеллектуалды бейнеаналитиканы кеңейту және нақты уақыт режимінде автоматты түрде хабарлау мүмкіндіктерін жетілдіру.

Сонымен бірге құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрғындармен кері байланысты күшейту және профилактикалық жұмыстарды цифрлық құралдармен ұштастыру жалғаса береді. Басты мақсат – технологияны технология үшін енгізу емес. Ең маңыздысы – оның қала тұрғындарының нақты қауіпсіздігіне әсер етуі. Жасанды интеллект пен цифрлық жүйелер полиция қызметкерлеріне қауіпті жағдайларды ертерек анықтауға, қажетті шараларды дер кезінде қабылдауға және қоғамдық тәртіпті тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды құралға айналып келеді.

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 13:42
Шымкентте жасанды интеллект полиция жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталуда
07 қазан, 15:02
Ұстанымы ұқсас Оман
06 қазан, 15:09
122 года спустя: Память, наследие и школа Мухамеджана Фаризова
05 қазан, 14:25
Бағдат Байболов: Су жүйесін жаңғырту – тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етудің негізгі тетігі
02 қазан, 13:16
Кино – тарих сөйлейтін тіл
01 қазан, 14:17
Шымкенттің мәдени өмірі жанданып келеді
30 қыркүйек, 20:17
Шымкент: Өрісі кеңейген өңдеу өнеркәсібі
30 қыркүйек, 14:40
Шымкенттегі медициналық инфрақұрылым: жаңа нысандар бой көтереді
29 қыркүйек, 15:58
Шымкентте бұқаралық спортқа басымдық берілуде