
Шымкент қаласы әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен шаһарымыздың Орталық саябағында «Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме-байқауы өтіп жатыр.
Көрмеде мегаполистің 70-ден астам ірі, шағын және орта кәсіпорындар, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша өз өнімдерін келушілер назарына ұсынып отыр.
Үздік сапа иесін анықтау мақсатында ұйымдастырылған шараға қала әкімі М.Әйтенов, мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер қатысты. Шаһар басшысы павильондарды аралап, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен танысты.

Бұл жылғы көрмеге алғаш рет оннан астам жаңа компаниялар қатысуда, олардың ішінде «Бесқұдық тас» ЖШС (декоративтік тастар өндірісі), «Topseller of chemical products» ЖШС (дезинфекциялаушы және жуғыш заттар өндірісі), «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС (металл құрылымы), «Quraq group» ЖШС (трансформер жиһазы), «Alem Luxury» ЖШС (жиһаз), «БАРАКА» ЖК (сүт өнімдері), «NURTAU distribution company» ЖШС (сұлы шоколад кәмпиттері мен сағыз өндірісі), «Петухова» ЖК (бөлмеаралық есіктер) бар. Мұнда ірі компаниялар ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдері де өздерін таныта алады.
Конкурс шартына сай, тәуелсіз сарапшы аудитор, бизнес-қауымдастық, салалық қоғамдық бірлестік және мемлекеттік орган өкілдерінен құралған. Аталған сараптамалық комиссия «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша үздіктерді таңдайды.
«Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталумен қатар, жыл соңында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық байқауға қатысу құқығына ие болады.

Өңірлік көрме-байқауы үш күнге созылады.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, Шымкенттің өнімдері республикадағы үлестің 30 пайызын, ал фармацевтика 26 пайызын қамтиды екен. Шымкенттің экономикалық және инвестициялық әлеуеті өте жоғары. Кәсіпкерліктің алға басуы қосымша жұмыс орнын арттыруға мүмкіндік туады. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Қаншама отбасы нәпақа тауып, бала-шағасын асырауға мүмкіндік алады.
Тоқтар Жақаш