
Шымкент қаласы аумағында жаз бойы «Қауіпсіз жаз» атты кең ауқымды насихаттау акциясы өткізіледі. Осыған байланысты қаланың Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен арнайы іс-шара ұйымдастырды.
ТЖ қызметкерлері акция аясында шомылуға тыйым салынған жерлерді бақылауына алады. Бүгінде шаһарда шомылуға арналған ресми орындар белгіленіп қойды. Ол Қошқар ата өзенінің сағасы, Тоғыс су қоймасындағы «Тоңазытқыш» демалыс аймағы және Бадам су қоймасындағы «Рахат-Бадам» демалыс аймағы. Жаз бойы мобильді топтар суға түсуге болмайтын орындарды аралап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ жадынамалар таратады.
Акцияға полиция департаментінің өкілдері, «Лидер.кз» еріктілері, жедел-құтқару жасағының өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері мен құтқарушылар, сондай-ақ апаттар медицинасы орталығы филиалының мамандары да жұмылдырылады.
Іс-шараның алғашқы күні мобильді топтар Қаратау ауданындағы қараусыз қалған карьер, Қошқар ата өзені, Бадам және Сайрамсу өзендерінің бойындағы жабдықталмаған учаскелерді шолып шықпақ. Өз кезегінде қала аумағында шомылуға тыйым салынған 13 учаске анықталып отыр. ТЖ департаментінің дерегінше, екі айда 4 жазатайым оқиға орын алып, 1 ересек адам мен кәмелетке толмаған 3 бала суға батып кеткен. Осы жылғы шомылу маусымында департаменттің 55 құтқарушысы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады.
Бұл ретте, мамандар тек, құтқару стансалары мен бекеттері жұмыс атқаратын орындарда ғана суға түсуге тәуекел етуге кеңес береді. Яғни, аймақта 9 судан құтқару стансасы жұмыс істеуде. Ал қалған шомылу орындары қорғаусыз аймаққа жатады.
Иә, жағажайға бару, суға шомылу – сұлулық пен денсаулықтың басты кепілі болып табылары сөзсіз. Көңіл қуантары, қазіргі таңда қала ішінде шомылуға арналған демалыс орындарының саны да, сапасы да артып келеді.
Тоқтар Жақаш