
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаланың дамуы мен тазалығына атсалысып жүрген Әл-Фараби ауданының белсенді азаматтарымен кездесті.
Тұрғындар көтерген әрбір мәселенің орындалуы өз бақылауында болатынын айтқан қала басшысы бүгінгі кездесуде айтылған ұсыныстар мен өтініштер негізінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Бұған дейін болған кездесулерде жалпы 68 мәселе көтерілген болатын. Бүгінде оның 28-і толық орындалып, тұрғындардың өтініші қанағаттандырылған. Ал, 29 тапсырма орындалу үстінде. Сондай-ақ, тұрғындардың 5 өтініші тұрақты бақылауды қажет етсе, 2 ұсыныс келесі жылы жүзеге асырылмақ.
Атап айтқанда «Сәуле» шағын ауданынан жүретін қоғамдық көліктердің «Қазығұрт» шағын ауданына дейін ұзарту туралы өтініш берілген болатын. Нәтижесінде №96 және №43 маршруттардың қозғалыс сызбасы өзгертіліп, тұрғындарға қолайлы етіп жасалды.
Сондай-ақ, 195 орамдағы Қырыққыз көшесін жарықтандыру бойынша ұсыныс бірден назарға алынып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Бүгінде аталған көшеге 31 жарық шамдары орнатылды.
«Ақтас» шағын ауданын табиғи газ жүйесімен қамту 2021-2022 жылдарға қаралған. Жалпы жоба құны — 194,5 млн.теңге. Өткен жылы құрылысы басталған нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда, газ құбыры жүргізілген аумақтарда траншея қазылып, қалып кеткен аумақтар ретке келтірілді.
Сәуле шағынауданы «Жаңабазар» көшесінде қалып кеткен 47 үйге ауыз су тарту «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК тарапынан жүргізілген. Құрылыс-монтаж жұмыстары 19-мамырда аяқталып пайдалануға берілді.
Ал, Әл-Фараби ауданының үй басқарушылары мен белсенді азаматтарынан құрылған кеңесте инфрақұрылым, жол, қоғамдық көлік, тазалық сынды әлеуметтік мәселелер өз шешімін табуда.

Тоқтар Жақаш