
Ел Президенті шағын және орта бизнестің жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға көбейтуді тапсырған болатын. Осы мақсатта Шымкент қаласында «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда. Қала әкімі аталмыш аймаққа барып, құрылыс жұмыстарымен танысты.

Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырландырылады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың ш.м дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың ш.м қойма алаңдарын салу жоспарланып отыр. 30 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба жүзеге асқанда 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ. Құрылыс жұмыстары 2025 жылға дейін 3 кезең бойынша жүргізіледі.
М.Әйтенов тиісті сала басшыларына инженерлік- инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының кешіктірілмеуін назарға алып, жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды.
Шымкент қаласы республикада инвестиция тартудан көш бастап отыр. Шаһарда 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн.теңгеге 296 инвестициялық жобалардың базасы жасақталды. Осы жаңа бастамалар арқылы 20 мыңнан аса жұмыс орындары құрылмақ. Оның ішінде 2022 жылы құны 241 млрд.теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орны ашылуы жоспарланып отыр.

Сонымен бірге, жалпы кәсіпкерлік қолдау картасы аясында биыл қалада 52,3 млрд.теңгеге 16 жоба іске асырылып, 1 043 жұмыс орны құрылады.
Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін кәсіпкерлер мен инвесторларға «бір терезе» қағидатымен «Бизнеске арналған үкімет — Shymkent Invest» фронт-кеңсесі жұмыс жұмыс істейді. Мекеме кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді көрсету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға сүйемелдеу және инвесторларға жолығатын шектеулерді жоюға көмектеседі.
Ал, инвестциялық жобаларға мониторинг жасап, мәселелерін шешу және қаланың жалпы инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі штаб құрылған. Апта сайын өтетін штаб отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов инвестициялық жоба бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алған.
Жүйеленген жұмыс нәтижесінде 4 өнекәсіп аймағында 294,5 млрд. теңгеге 191 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуда. Соның ішінде қазір 161,8 млрд.теңгеге 8,1 мыңға жуық жұмыс орнымен 128 жоба іске асырылған.
Тоқтар Жақаш