
Шымкент қаласында алдағы жылдары қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесі 80 пайызға артады. Бұл көрсеткішке жету үшін 2025 жылға дейінгі көлік инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспары бекітілген.
Осының негізінде жалпы 563 жоба қарастырылған. Кешенді жоспар аясында биыл шаһарда 348 шақырым жол жөндеу жүргізіліп, жыл соңына дейін оның 271 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі. Қалған жолдың құрылысы келер жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға артады.
Жалпы қала аумағында 187 нысанда жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, оның 164-де орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қазіргі кезде Мангельдин, Тоқаев, Жолан батыр, Ақназар хан, Клара Цеткин, Республика, Рысқұлов, Іляев, Тәшенов, Дулати көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Он магистральды көшенің төртеуі жаңа, алтауы өткен жылдан өтпелі құрылыстар. Жол құрылысы саласында өткен жылы орталық көшелердің құрылысына басымдық берілсе, осы жылы ішкі орамдық көшелерді жөндеу қолға алынып отыр. Сондай-ақ, қала аумағындағы елді мекендерге 122 шақырым жолға шағал тас төселеді.
Айта кетсек, қаладағы көлік жолдарының жалпы ұзындығы 3200 шақырымнан асады. Өткен жылы 270.3 шақырым болатын 169 нысан пайдалануға беріліп, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 63,6 пайызға жеткен болатын.
Осы жылдың соңына дейін 4 000 дана жол белгілерін орнату жоспарланып, бүгінде 510 данасы қойылған. Сонымен бірге, 18 шқ жол таңба сызылып, жыл соңына дейін 16 бағдаршам, 15 белсенді жаяу жүргіншілер өткелін салу жоспарға алынған.
Қалада жалпы 1000 автобус бар. Соның 640-ы газ-метанмен, дизельмен жүретіні 360 көлік. Қазір 78 бағытта 789 кестемен 12 тасымалдаушы компания қызмет көрсетеді. Әлеуметтік мәні бар, субсидиялық маршруттар саны 64 құрайды.
Электронды «Төлем» жүйесі бойынша 240 мың төлем карта сатылып, қазіргі уақытта жасалатын транзакция 300 мыңнан кем емес.
Тоқтар Жақаш