
Шымкентте күшті желдің зардаптары анықталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазгидрометтің» мәліметіне сәйкес, Шымкентте 6 маусым сағат 18.25-18.36 арасында екпіні 15-28 м/с жететін қатты жел соққан. Салдарынан бірнеше мекенжайда үйлердің шатыры ұшты. Атап айтқанда, Байтұрсынов көшесі 90А 5 қабатты үйдің 40 шаршы метр болатын шатыры ұшып, Қонаев даңғылы 1 үйдің ауласына құлаған. «Тoyota Corolla» маркалы автокөлікке зақым келтірді. Сондай-ақ, Солтүстік шағын ауданы 52-үйдің шатыры қатты соққан желден ұшып кеткен. Оқиға орнына төтенше жағдай қызметінен 2 техника мен 8 қызметкер жіберілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жағдай тұрақты.