
Шымкент қаласындағы «Shymkala» этноауыл төрінде «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының» ұйымдастыруымен «Ауыл кеші көңілді…» атты ғұрыптық ән кеші өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүріміз бен ғұрыптық әндерімізді жас ұрпаққа насихаттау. Ән кешіне Түркістан облысының Жетісай, Сарыағаш, Арыс, Түлкібас, Созақ және Сайрам аудандары мәдениет үйлерінің өнерпаздары мен қаламыздың дәстүрлі әншілері қатысты.
–Қазақтың өнері мен дәстүрі мәдениетіміздің көрнекті саласы. Мәдениет саласына өзімнің 40 жыл ғұмырымды арнадым. Осы жылдары көп еңбектеніп, жақсы дүниелер шығардық. Қазіргі таңда жастарды да үйретіп жатырмыз. Оларға өз түйгендерімізбен бөлісіп, олар да бізге өзінің жаңашыл идеяларын ұсынады. Солай ерекше сыйлықтармен тойшыл қауымды түрлі сый-сияпатпен қызықтырып, жақсы көңіл күй сыйлаймыз. Біз бүгінгі ән кешіне «тойбастар» көрінісін алып келдік. «Дәстүрдің озығы мен тозығы бар» демекші, қазіргі тойбастар заманға сай түрленіп келеді,- деді Арыс қаласы мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі Гүлсім Серікқызы.
Бағалы да қасиетті құндылықтарымыз бүгінгі кеште өз тұғырына қонып, барлық салт-дәстүріміз сахна төрінде көрініс тапты. Көрермендер қазақ халқыныңы ғұрыпынан сыр шертетін әндерді тыңдап, рухани кеште әншілерді қошеметке бөледі.
Қазақ халқының мерей тұтар асыл мұрасы, рухани жәді¬гер-лері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі ұрпаққа жеткен ән қазынасы қашан¬нан дәстүрлі өнердің қаймағы сана¬ла¬ды.
Бесік жыры, Тұсаукесер, Беташар, Сыңсу, Аушадияр, Жар-жар, Тойбастар, Бақсылық, Жарапазан, Жоқтау сынды ғұрыптық әндер осы уақытқа дейін маңызын жоғалтпаған құнды мұраларымыз болып табылады.
Ал, Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының әртістері, М. Әуезов атындағы ОҚУ «Театр жəне шығармашылық» кафедрасының студенттері, Майра Ормолдаева, Лəйла Жұмабайқызы сынды аға оқытушылар мен дәстүрлі әншілер қазақ халқының салт-дәстүрлеріне байланысты сахналық көріністер қойды. Сәбиді бесікке салып, «Бесік жырын» шырқады.
«Ауыл кеші көңілді…» атты ән кешінде түрлі өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, жасы үлкен қария кісілер ақ батасын беріп, қатысқан барлық өнерпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарын табысталды.

Тоқтар Жақаш