
Шымкент қаласында осы жылдың 28 маусымынан бастап коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының өсуі динамикасы байқалды. Шаһарда маусымның соңынан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 2 293 жағдайы тіркелген. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков баспасөз брифингінде баяндады.
Басқарма басшысы келтірген дерекке сүйенсек, соңғы 10 күнде індет жұқтырған 137 жағдай тіркелген. Қазіргі таңда 14 науқас стационарға жатқызылып, 123 адам үй жағдайында дәрігерлердің бақылауына алынған. Ал соңғы тәуілікте 11 жағдай тіркеліпті. Оның ішінде 9 адамда ауру белгілері байқалған.
–Қаладағы инфекциялық стационарларда 156 төсек орын жасақталды. 150 орын қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында, 6 орын Шымкент жүрек орталығында әзірленген. Стационарда ем қабылдап жатқан 14 науқастың 2-еуі жүкті әйел, балалар саны — 3. Қазіргі сәтте төсек-орын толымдылығы 9%-ды құрайды, қалған 142 орын бос. Жансақтау бөлімінде 22 орын бар, әзірге ол бөлімге науқас түспеді. Қазір қалада эпидахуал тұрақты, -деді қаланың бас дәрігері.
Қалада ковидтің ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындық жүргізілген.
А – ағымдағы жағдай 156 төсек-орын. (резерв 650 төсек орын). В –эпидемиологиялық жағдай нашарласа, төсек-орын санын 2 683-ке дейін жеткізу. С – эпидемиологиялық дағдарыс орын алса, 3 513 төсек-орын ашу жоспарланған. Жалпы, қала үш сценарийге де дайын.
Басқарма басшысының мәліметінше, қалада 45 егу нысаны бар. 1-ші компонентпен 619 783, 2-ші компонентпен – 608 628 адам егілді. Жалпы, вакцинацияға жататын контингенттің 105% екпенің 1-компонентін алса, 2-компонентпен 101% вакцинацияланды.
Өткен жылдың 15 қарашасынан бастап 12-18 жасқа дейінгі балалар, жүкті және бала емізетін әйелдердің «Pfizer-BioNTech» вакцинасымен вакцинациялау басталды. Бүгінге дейін осы вакцинаның 1-ші компонентімен 86 895(77,8%), 2-ші компонентімен 85 381 адам егілді (77%). Вакцинаның үшінші дозасымен бүгінге 370 798 адам (61%) ревакцинацияланған.
Тоқтар Жақаш