
Бұл туралы Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева мен «Отбасы банк» АҚ, Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев пен филиал директорының орынбасары Нұрлан Сұлтанов Ақпараттық-коммуникациялық орталығының брифинг алаңында берген сұхбатында айтты.
«2022 жылы Шымкент қаласына «Бақытты отбасы 2-10-20» бағыты бойынша (оның ішінде: көпбалалы отбасылар – 195, мүгедек бала асыраушы отбасылар – 35, толық емес отбасылар – 219) 449 отбасына лимит бөлінді. Аталған бағыт бойынша өтінімдер қабылдау 20 маусым мен 19 шілде күндері аралығында «Отбасы банк» АҚ-ның интернет-ресурсы арқылы жүзеге асырылуда», — деді қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Ж.Утебаева.
Мемлекеттік бағдарлама қатысушыларына әлеуметтік көмек ретінде алғашқы жарнаны жабуға қайтарымсыз негізде биылда 500 азаматқа 1млн. теңгеге дейінгі тұрғын үй сертификаты қарастырылып отырғандығын мәжіліс барысында атап өтті.
«Отбасы банкі» АҚ, Шымкент қалалық филалының жетекшілері: «Отбасы банкі» арқылы тұрмысы төмен отбасыларға — жылдық 2%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен, бастапқы жарна 10 %-дан кем емес мөлшерде 20 жылға тұрғын үйді сатып алуға несие беру қарастырылған. Бағдарламаға тұрғын үй кезегіне тіркелген көп балалы, толық емес, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады»,-деді.
Қазіргі таңда тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша баспана кезегіндегі 1201 азаматтың өтінімі мақұлданды.
Қазіргі таңда тұрғын үй басқармасымен «Отбасы банк» АҚ арасында келісім шарт түзілуде. Республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген соң тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша өтінімі мақұлданған азаматтардың 50 пайыз жалдау ақысы мемлекет тарапынан төленетін болады. Отбасы мүшесінің санына байланысты максималды субсидияланатын сома мемлекет тарапынан бекітілген, ол 85 678 теңгеден аспайды.
Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына кезекте тұрған 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар қатыса алады. Баспана ақысын субсидиялау үшін үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 36 018 теңге 01.01.2022 ж. жағдай бойынша) аспауы тиіс
Бүгінде өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн түрде қабылдануда. Субсидия алуға үміткердің банкте ағымдағы шоты болуы тиіс. Атаулы көмек қағидатына сәйкес 50% — мемлекет, қалған 50% — ын алушы өз бетінше төлейді.
Тоқтар Жақаш