
Шымкент қаласы аумағын сапалы электр қуатымен қамту үшін 9 елді мекеннің ішкі жүйелері мен «Ақжар» 110/35/10кВ және «Ынтымақ» 110/35/10кВ қосалқы станцияның құрылысы жүргізілуде.
Қазір 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылса, 8 елді мекен жарықты жекеменшік жүйеден алады. Жыл соңына дейін «Ақжар» қосалқы станциясы мен 8 елді мекенде ішкі жүйелердің құрылыс жұмыстары аяқталып, 17 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылады.
Олар: Достық, Батыс, Нұртас, Сәуле-276 орам, Тұран, Солтүстік саяжай, Жаңаталап, Нұртас шағынаудандары.
Нәтижесінде қала аумағындағы сапалы электр қуатымен қамтылу көрсеткіші 97%-дан, 99%-ға жетпек.
Үшінші мегаполисті сапалы ауыз сумен қамту үшін бірқатар жобалар іске асырылады. Бүгінде қаладан шалғай орналасқан 3 елді мекен ауыз суды кестемен тұтынып отыр. Атап айтқанда, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ тұрғын алаптары.
Қазір қалада ауыз су бағыты бойынша барлығы 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылдың қорытындысымен Құрсай 1,2, Асар-2, Нұртас ВС, Текесу елді мекенінде құрылыс жұмыстары аяқталып, 11 мыңнан астам адам ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 %-дан 99%-ға жетеді.
Сондай-ақ, ауыз суды кестемен пайдаланатын Сайрам және Қайнарбұлақ елді мекендерін ауыз сумен қамту құрылысы және ағымдағы жөндеу жұмыстары биыл басталып, 2023 жылы пайдалануға берілетін болады.
Сонымен қатар, қала тұрғындарының 93 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Табиғи газ шаһардағы 81 елді мекенге 42-сі толық, 31 елді мекен жартылай тартылған. Қалған елді мекендерге газ құбырын жеткізу үшін 1 магистралдық және 10 елді мекенде ішкі орамдық газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңында Тұран магистралды газ құбырының құрылысы мен 8 елді мекенде құрылыс жұмыстар аяқталады. Нәтижесінде қаладағы 20 мыңға жуық адам табиғи газға қосылып, қамту көрсеткіші 94,7 пайызға жетеді. Ал, 2025 жылы мегаполис 100 пайыз көгілдір отынмен қамтылуы жоспарланып отыр.
Тоқтар Жақаш