
Шымкент қаласындағы 5 орында орналасқан ауызсу бұрқағы қайта іске қосылды. Мұндай су бұрқақтары өткен жылы Әл-Фараби ауданы аумағында адам көп шоғырланатын орындарға қойылған болатын.
Қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығына байланысты ауызсу бұрқақтары уақытша тоқтатылған болатын. Бүгінде күн жылынып, қала қонақтары мен тұрғындарына Иляев — Қонаев қиылысы, Арбат саябағы, Түркістан көшесі 55, «Мацарелло» мейрамханасы алды мен Hyper House ойын-сауық орталығының маңында қолжетімді болды.
Шаһардың аптап ыстығында ақысыз қызмет көрсететін ауыз судан кез келген адам шөлін баса алады. Жобаның ерекшелігі сол – бұрқақтардағы су үнемі ағып тұрмайды. Тіршілік нәрін үнемдеу мақсатында арнайы батырма қарастырылған.Тіршілік көзі бей-берекет ақпайды, тек қажет кезде ғана арнайы батырманы басып пайдалануға арналған. Бұған қоса арнайы суға арналған сүзгілер(Аквафор фильтр) орнатылып, қауіпсіздік жағы да қарастырылған.
– Ауызсу бұрқақтары қаламыздағы көпшілік орындарға орнатылады. Яғни, ірі сауда-сауық орталықтары мен жоғары оқу орындары, дендросаябақ пен зообақ сияқты қала тұрғындары мен қонақтар жиі жүретін орындарды нақтылап отырмыз. Бүгінде су бұрқақтарының эскизі дайындалды, енді демеушілермен келіссөздер жүргізілуде, – деді Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев.
Ауыз су бұрқақтары үшін бюджеттің қаржысы жұмсалмаған. Қаланың дамуына үлес қосуға ниетті кәсіпкерлер жүзеге асырып отыр. Жақын күндері Әл-Фараби ауданында мұндай ауызсу бұрқақтары жаңадан тағы 6 жерге орнату жоспарлануда.
Айта кетсек, өткен жылы аудан аумағында жолаушылар көп жүретін 9 орынға соңғы үлгідегі «Smart» аялдамаларын салу жобасы да демеушілер есебінен атқарылған болатын. Онда тегін WiFi, смартфон қуаттағыш көздері, кондиционер, қаланың картасы және көлік бағыттары көрсетілген электронды тақтайша орнатылған.
Тоқтар Жақаш