
Шымкентте ауыл шаруашылығы тек егін егу мен мал өсірумен шектелмей, өнімді сақтау, қайта өңдеу және заманауи өндіріс орындарын дамыту бағытына бет бұрып келеді. Биыл қала аумағында 21,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Сонымен қатар ірі жылыжай кешендері, сүт және құс фермалары, көкөніс сақтау қоймалары сияқты жобалар іске асырылуда.
Ауыл шаруашылығын қолдауға биыл жергілікті бюджеттен 863,3 млн теңге бөлінсе, мал шаруашылығын дамытуға 1 млрд теңгеден астам қаржы қаралған. Саладағы жұмыстар және жаңа жобалар туралы Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Жәнібек Тоғай Jas Qazaq тілшісіне айтып берді.
– Жәнібек мырза, биыл Шымкентте ауыл шаруашылығы бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Биыл қала аумағында 21,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 6,4 мың гектарға дәнді дақылдар, 3 мың гектарға майлы дақылдар, 9,9 мың гектарға мал азықтық дақылдар және 1,8 мың гектарға көкөніс пен бақша дақылдары орналастырылды.
Дәнді дақылдардың негізгі бөлігін бидай мен арпа құрайды. Бидай 5,3 мың гектарға, арпа 1,1 мың гектарға егілді. Орташа өнімділік гектарына 15-20 центнер шамасында. Ал мақсары егілген 3 мың гектар алқап бойынша орташа түсім гектарына 10,8 центнерді құрады.
Егін шаруашылығын қолдау үшін де нақты шаралар қарастырылған. 2026 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 491 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді. Оның 312 тоннасы көктемгі, 179 тоннасы күзгі дала жұмыстарына бағытталған.
Бұдан бөлек, егін шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсетуге жергілікті бюджеттен 863,3 млн теңге қаралды. Бұл қаражаттың бір бөлігі минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға, жылыжайлардың коммуналдық шығындарын арзандатуға және тұқым шаруашылығын дамытуға бағытталады.
– Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оны сақтау және қайта өңдеуге де көңіл бөлініп жатыр. Бұл бағытта қандай жобалар бар?
– Қазір ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемін арттырумен бірге өнімді сақтауға және өңдеуге мүмкіндік беретін инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп отыр.
Бүгінде қалада жалпы сыйымдылығы 125,5 мың тоннаны құрайтын 8 заманауи көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді. Олардың жалпы аумағы 72,2 мың шаршы метр. Мұндай қоймалар өнімді маусымаралық кезеңде сақтап, оны нарыққа бірқалыпты шығаруға мүмкіндік береді.
Мысалы, 2025 жылы «НМИ-Юг» ЖШС-нің қуаттылығы 90 мың тонналық қоймасы іске қосылды. Жобаның құны 14,8 млрд теңге. Қойма заманауи тоңазытқыш және желдету жүйелерімен жабдықталған. Ал биыл жыл соңына дейін «Нур Алем» ЖШС-нің 2,5 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын іске қосу жоспарланып отыр. Қазір құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталған.
Өндірістік жобалар да көбейіп келеді. Қуаттылығы 4,3 мың тонналық тауарлы сүт фермасы, екі заманауи жылыжай кешені және екі жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы өндірістерін кеңейтіп жатыр.
– Ал ірі жылыжай жобалары қаланың ауыл шаруашылығына қандай мүмкіндік береді?
– Шымкентте бұл бағытта ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – «Alsera KZ» компаниясының жылыжай кешені. Түркиялық инвестордың жобасының жалпы құны 650 млн АҚШ долларын құрайды. Қазір 40 гектар аумақ іске қосылып, қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жоба толық қуатына шыққанда жылына 155 мың тонна өнім өндіру көзделген. Сонымен қатар шамамен 5 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Өнім ішкі нарыққа шығарылып қана қоймай, Ресейге экспортталмақ.
Бұдан бөлек, «FABE Agro» компаниясы 144 гектар аумақта толық автоматтандырылған жоғары технологиялық жылыжай кешенін салуды бастады.
Егін шаруашылығында суару технологияларын жаңарту да маңызды. Мысалы, «Бақыт» ЖШС қаладағы алғашқы шаруашылықтардың бірі ретінде Valley жаңбырлатып суару машиналарын орнатып, шамамен 100 гектар жерге жоңышқа өсіруде. Бұл техникаға жұмсалған шығынның 40 пайызы мемлекет тарапынан өтелді.
Жалпы бүгінгі міндет – ауыл шаруашылығындағы өндірісті көбейту ғана емес, заманауи технологияларды енгізіп, өнімді сақтау мен өңдеудің толық тізбегін қалыптастыру. Бұл қаладағы аграрлық сектордың жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді.
— Әңгімеңізге рахмет!
Олжас Әбдіхалық