
Шымкент қаласында алдағы жылдары жалпы аумағы 70 гектарды құрайтын 80 гүлзар пайда болады. Бұл туралы Шымкент қаласының жетінші шақырылған мәслихатының кезекті он алтыншы сессиясында қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғалымжан Ілиясов мәлімдеді.
–Шымкент қаласында алдағы жылдары жалпы аумағы 70 гектарды құрайтын 80 гүлзар пайда болады. Ол үшін қаланың бас жоспарына түзетулер енгізіліп, орындары анықталды. Сонымен қатар Шымкент-Сити шағын ауданында аумағы 40 гектарлық, Тұран шағын ауданында 37 гектарлық, ал, Сәуле шағын ауданында 2,5 гектарлық саябақ ашу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде, –деді Ғ.Илиясов.
Сонымен бірге сала жетекшісі өткен жылы аудан әкімдіктерімен 75,5 мың дана, жасыл белдеуге 200 мың дана, саябақтар мен гүлзарларға 10 мың дана ағаш көшеттері егілгенін, ал биылғы жылдың көктем айларында жалпы 21 455 ағаш көшеті отырғызылғанын атап өтті.
Қала инфрақұрылымын дамыту мәселесін баяндаған энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Булатбеков 2022 жылдың қорытындысымен 5 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып 11 мыңнан астам адам ауыз сумен, 2 магистралды кәріз коллекторының, 1 кәріз сорғы станциясы және 6 нысанның құрылысы аяқталып, 65 мың адам кәріз жүйесіне қосылатынын жеткізді.
Айта кетейік, сессияда мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының орындалуы, бағаны тұрақтандыру, инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар және қала аумағын көгалдандыру мәселелері қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Сондай-ақ, бірқатар халық қалаулылары депутаттық сауал жолдады.
Сессия барысында қала әкімдігінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және жастар саясаты жөніндегі кеңес пен Экспорт жөніндегі өңірлік кеңес және «Бизнес Шымкент» өңірлік үйлестіру кеңесінің дербес құрамдары жаңартылды.
Жиын соңында М.Әйтенов депутаттар корпусына алғыс білдіріп, бірлесіп қаланың өркендеу бағытында нәтижелі жұмыс атқарылатынына сенімді екенін жеткізді.
Тоқтар Жақаш