
Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау көрсету және мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның мәліметінше, ағымдағы жылдың сегіз айында жұмыспен қамту жоспарының 84,1 пайызы орындалды.
Жоспар бойынша биыл Шымшаһарда 31 398 адамды жұмыспен қамтылуы тиіс. Сегіз айдың қорытындысы бойынша бұл бағытқа 26 412 азамат тартылып, жылдық жоспардың 84,1 пайызы орындалған.
Оның ішінде 16 273 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасса, 3 366 азамат уақытша жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар 6 772 адам кәсіптік оқыту шараларына бағытталған. Бұл бағытта тұрғындардың еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне және жаңа кәсіби дағдылар алуына жағдай жасалуда.
Жаңа жұмыс орындарын ашу және азаматтарды еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Жүзеге асырылып жатқан даму бағдарламалары, түрлі жобалар мен тұрғындардың жеке бастамалары аясында 9 446 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде оның 7 732-сі жұмысқа жолданды.
Сондай-ақ жастарды еңбекке тарту — жұмыспен қамту саясатының маңызды бағыты. Бұл орайда жазғы демалыс кезінде студенттер мен мектеп оқушыларының уақытша жұмыспен қамтылуына жағдай жасалды.
Үш ай мерзімге 298 жас қоғамдық жұмыстарға орналастырылған. Олардың 192-сі жоғары оқу орындарының студенттері, 106-сы — 16 жастан асқан мектеп оқушылары. Мұндай шаралар жастардың еңбек тәжірибесін жинақтауына, бос уақытын тиімді өткізуіне және алғашқы еңбек дағдыларын қалыптастыруына мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Мегаполисте әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарға көмек көрсету бағытындағы шаралар да жүйелі түрде жүзеге асырылады. Қалада 105 547 зейнеткер және 65 875 көпбалалы ана тұрады.
Зейнеткерлер мен ардагерлерді санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасып келеді. Жыл соңына дейін 8 735 адамға жолдама беру жоспарланған. Сегіз айдың қорытындысы бойынша 5 090 ардагер мен зейнеткер санаторлық-курорттық емдеу қызметімен қамтылған.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша да нақты жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылдың сегіз айында атаулы әлеуметтік көмек 1 858 отбасыға тағайындалып, 9 597 адамды қамтыған.
Әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамтуға тарту мәселесіне де басымдық берілген. Еңбекке қабілетті азаматтардың бір бөлігі тұрақты жұмысқа орналасып, кәсіпкерлік бастамаларға қатыстырылған. Сонымен қатар олар қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарына, қайта даярлау курстарына жіберілген.
Әлеуметтік қорғау саласында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету және олардың қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасауға айрықша мән беріледі. Шымкент қаласында биыл осы санаттағы тұрғындарды қолдауға бюджеттен 15,4 млрд теңге бөлініп, оның 10 млрд теңгесі игерілген.
Азаматтарды оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес қажетті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасуда. Биыл тиісті әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін 52 515 өтінім түссе, оның 42 330-ы орындалған. Бұл жалпы өтінімдердің 80,7 пайызын құрайды.
Атап айтқанда, азаматтарға протездік-ортопедиялық көмек, кресло-арбалар, гигиеналық құралдар, санаторлық-курорттық емдеу қызметтері ұсынылып, жеке көмекші мен ымдау тілі мамандарының қызметтері көрсетілуде.
Қозғалысы шектеулі азаматтардың қала ішінде жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау мақсатында «Инватакси» қызметі де көрсетіледі. Қазіргі таңда 38 арнайы көлік арқылы 551 өтініш бойынша қызмет көрсетіліп келеді.
Осылайша Шымкент қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы жұмыстар бірнеше бағытты қамтып отыр. Олар — тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, кәсіптік оқыту арқылы еңбек нарығына бейімдеу, жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін ұсыну, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау және мүгедектігі бар адамдар үшін қажетті қызметтер мен құралдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Ағымдағы жылдың сегіз айындағы нәтижелер аталған бағыттар бойынша жоспарлы жұмыстардың жалғасып жатқанын көрсетеді. Алдағы кезеңде де азаматтарды тұрақты еңбекке тарту, әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыру және ерекше қажеттілігі бар тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету басты назарда бола бермек.
Талап Тілеген
Инфографика: jasqazaq.kz