
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз айында Астанада өткен Халықаралық жастар күніне арналған салтанатты іс-шараға жолдаған құттықтауында жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қалатынын атап өтті. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында Шымкент қаласында жастар саясатын дамытуға, олардың бастамаларын қолдауға және қоғамдық белсенділігін арттыруға ерекше мән берілуде. Бұл бағытта жастардың әлеуетін арттыру, азаматтық белсенділігін дамыту және қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік жасау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Шымкент қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Әкімжан Әбдәкімовтің мәліметінше, бүгінде қалада 14 пен 35 жас аралығындағы 428 145 жас тұрады. Бұл шаһар халқының 33 пайызын құрайды. Жастардың басым бөлігі білім алып, кәсіби қалыптасу кезеңінен өтіп жатқандықтан, олардың сапалы білім алуына, әлеуметтік бейімделуіне және өз қабілетін жүзеге асыруына жағдай жасау маңызды міндеттердің бірі саналады. Қаладағы 9 жоғары оқу орнында 112 056 студент, ал 35 колледжде 49 804 студент білім алады. Студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған емес. Қазіргі таңда жатақханаларда 11 182 орын қарастырылған. Ресми мәліметке сәйкес, әзірге жатақхана орындарының тапшылығы жоқ.
Жастардың бойында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Таза Шым» бастамасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қаңтар-қыркүйек айлары аралығында ұйымдастырылған тазалық акцияларына 22 500-ден астам жас қатысып, нәтижесінде 33 тонна қоқыс шығарылған. Бұл бастама жастарды туған қаласының тазалығына үлес қосуға үндеп қана қоймай, экологиялық жауапкершілікті күнделікті өмір салтына айналдыруға бағытталған.
Қоғамдық белсенділікті арттыруда волонтерлік қозғалыстың да маңызы зор. Халықаралық волонтерлер жылы аясында қалада 170 іс-шара ұйымдастырылып, оған 32 мыңға жуық жас тартылған. Ал жыл басынан бері жастардың қатысуымен барлығы 731 іс-шара өткізіліп, 181 900-ге жуық адам қамтылған.
Жастардың зияткерлік әлеуетін көтеру, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау бағытында да түрлі жобалар қолға алынған. Соның бірі – «STUDENT CONNECTION» жобасы аясындағы «Qara Quiz» зияткерлік сайысы. Аталған байқауға мыңнан астам жас қатысып, білімдерін сынап, ой-өрісін кеңейтуге мүмкіндік алды.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу де жастар саясатының маңызды бағыттарының бірі. Наурызнаманың онкүндігіне 10 мыңға жуық студенттің қатысуы жастардың дәстүр мен мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған жұмыстардың ауқымын көрсетеді.
Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Кітап TIME» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 9 кітап талқылауы мен 2 челлендж ұйымдастырылған. Қатысушылар әдеби шығармаларды талқылап, оқырмандық тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік алды. Ал қазан айында «Кітап кеші» фестивалін өткізу жоспарланған. Мұндай бастамалар жастардың рухани дамуына, сыни ойлау қабілеті мен дүниетанымын кеңейтуге ықпал етеді.
Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз қоғам құру – маңызды бағыттардың бірі. «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында тоғыз айда 161 іс-шара өткізіліп, 29 мыңға жуық жас қамтылған.
Есірткіге тәуелділіктің алдын алу бойынша да кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осы бағытта 500-ге жуық заңсыз есірткі жарнамасы жойылып, «Шымкент – Есірткісіз қала» науқанына 2 500-ден астам жас қатысқан. Ал «Қауіпсіз қала – қауіпсіз қоғам» акциясы шеңберінде 55 түнгі рейд ұйымдастырылған.
Ерекше қажеттіліктері бар жастардың қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау мақсатында «Шексіз мүмкіндіктер» жобасы іске асырылуда. Жоба шеңберінде мәдени орындарға экскурсиялар, спорттық турнирлер, шығармашылық кештер мен көрмелер ұйымдастырылған. Мұндай іс-шаралар қатысушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, әлеуметтік байланыстарын кеңейтуге және қоғамдық ортаға бейімделуіне ықпал етеді.
Жастарды отансүйгіштікке баулу бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. «Айбын – 2026» әскери-патриоттық сайысының қалалық кезеңіне мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысып, әскери-қолданбалы және спорттық сынақтардан өткен. Мұндай жарыстар жас буынның төзімділігін, тәртібін, командалық рухын және ел алдындағы жауапкершілік сезімін дамытуға бағытталған.
Жастар – қаланың бүгінгі белсенді күші ғана емес, оның болашағын қалыптастыратын негізгі буын. Сондықтан олардың білім алуына, әлеуетін ашуына, әлеуметтік мәселелерін шешуіне және қоғамдық бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беру маңызды. Шымкентте қолға алынған жүйелі жұмыстар осы мақсатқа қызмет етіп, белсенді, білімді әрі жауапты ұрпақ қалыптастыруға негіз болмақ.
Талап Тілеген