
Шымкент қаласының «Орталық саябақ» аумағында «Шымкент жастар лигасы» ойындарындағы шахмат бәсекесінің финалдық кезеңі өтуде. Спорттың шахмат түрінен іріктеуге 130 команда қатысып, финалдық кезеңге әр ауданнан төрт, жалпы 16 команда жолдама алды.
Жеңімпаз және жүлдегер командалар бүгін анықталмақ.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері іс-шараның ашылу рәсіміне қатысып, тартысты ойындарды тамашалады. Шыңғыс Жұмабекұлы іс-шараның маңыздылығына тоқталып, ойыншыларға сәттілік тіледі.
– Былтыр тартысты ойындардың куәсі болдық. Биыл «Балалар жылы» аясында да қызықты бәсекелер өтуде. Шахмат – спорттың бекзат түрі, адамның ойлау қабілетін дамытады. Жылдан жылға бәсекелестік артып келеді. Финалдық кезеңнің жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталады, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Осы спорттық жарыстарға төрешілік жасауға және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге 400 ге жуық дене шынықтыру және спорт саласының мамандары жұмылдырылған.
«Шымкент жастар лигасы» жобасы қала әкімінің бастамасымен қатарынан екінші жылы өткізіліп жатыр. Лига 2021 жылдың 23 қазан күні басталған болатын. Сайысты 2022 жылдың 1 маусым күні аяқтау жоспарлануда. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Орталық стадион аумағында марапатталады. Жалпы жүлде қоры 80 млн. теңге. Жеңімпаз командалардың әрқайсысына 20 млн.теңгеден табысталады. Бұл қаржыға жеңімпаз командалар мектептің материалдық техникалық базасын жасақтайды. Жоба қаражаты демеушілер есебінен қаралып отыр.
Айта кетсек, «Шымкент жастар лигасына» спорттың футбол, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен 151 жалпы орта білім беру мектептерінен 514 команда құрамында 5 926 оқушы қатысуда. Атап айтқанда, Абай ауданында — 37, Әл-Фараби ауданында -25, Еңбекші ауданында — 40, Қаратау ауданында – 38. Сонымен қатар, командаларға қолдау көрсетуге 151 мектептен Фан-клуб командалары жасақталып 2 265 оқушы қамтылды.

Тоқтар Жақаш