jasqazaq.kz

Шымкент: Төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары күшейтілуде

Бүгін, 13:08
Сурет: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың алдын алу саласында басты міндет апаттың салдарын жою емес, оның алдын алу екенін ұдайы айтып келеді. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында қалай жүзеге асырылып жатыр?

Шымкент қаласында халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу және ықтимал қауіп-қатерлерге дайындық деңгейін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Азаматтық қорғаныс жүйесін жетілдіру, тұрғындарды оқыту, химиялық қауіптердің алдын алу және төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету мүмкіндіктерін арттыру – осы бағыттағы негізгі басымдықтардың қатарында.

Азаматтық қорғаныс – халық пен аумақты зақымдаушы факторлардан және төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған жалпымемлекеттік іс-шаралар жүйесі. Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыстарды қала әкімі басқарады, ал қалалық Төтенше жағдайлар департаменті тиісті іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді.

Төтенше жағдайлардың алдын алуда халықтың сауаттылығын арттыру мен қауіп туындаған кезде дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастырудың маңызы зор. Осы мақсатта Шымкент қаласында азаматтық қорғаныс саласындағы мамандарды даярлау, тұрғындар мен тиісті құрылымдардың төтенше жағдайларға әзірлігін арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Нұрханұлы Қаракөзевтің мәліметінше, жыл басынан бері Азаматтық қорғау саласындағы Ұлттық орталықта 24 адам оқытылған. Сонымен қатар департамент базасында 1 200 тыңдаушы тиісті даярлықтан өткен.

Қала аумағында азаматтық қорғаныстың түрлі бағыттары бойынша 3 500-ге жуық оқу-жаттығу өткізілген. Мұндай шаралар төтенше жағдай кезінде азаматтардың, ұйымдардың және жауапты қызметтердің іс-қимылын үйлестіруге, сондай-ақ ықтимал қауіп-қатерге алдын ала дайын болуға мүмкіндік береді.

Тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Қаладағы 2 500-ге жуық көп қабатты тұрғын үйдің 8 500-ге жуық кіре                                                                      берісіне ақпараттық тақтайшалар орнатылған. Онда төтенше жағдай туындаған кезде тұрғындардың қандай әрекет жасауы керектігі жөнінде мәліметтер берілген.

Бұл бастама тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін күнделікті есте сақтауына, қауіпті жағдайда абдырап қалмай, дұрыс шешім қабылдауына ықпал етеді.

Азаматтық қорғаныстың маңызды бағыттарының бірі – халықты ықтимал химиялық қауіптерден қорғау. Қазіргі таңда Шымкент қаласының аумағында химиялық қауіп төндіруі мүмкін екі нысан бар. Аталған кәсіпорындар өндірістік қызметінде 16 тоннадан астам күшті әсер ететін улы заттарды пайдаланады.

Осындай қауіптердің алдын алу мақсатында кәсіпорындарда қолданылатын заттардың қауіптілігін төмендету шаралары қолға алынған. Мәселен, «Шымкент сүт» ЖШС кәсіпорнында бұрын пайдаланылған аммиак қауіпсіздеу фреонмен алмастырылған. Бұл – өндірістік қауіп-қатерді азайтуға бағытталған нақты қадамдардың бірі.

Сонымен қатар қауіпті химиялық заттар таралуы ықтимал аймақта тұратын тұрғындар 100 пайыз жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген. Мұндай шаралар төтенше жағдай орын алған жағдайда халықтың денсаулығын қорғауға және оның зардаптарын азайтуға бағытталған.

Төтенше жағдай кезінде уақытылы әрі үйлесімді әрекет ету үшін басқару жүйесінің дайындығы ерекше маңызды. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органның қолдауымен қаржылық лизинг арқылы жылжымалы басқару пункті сатып алынған. Ол төтенше жағдай кезінде оқиға орнында жедел басқаруды ұйымдастыруға және тиісті қызметтердің жұмысын үйлестіруге арналған.

Бұдан бөлек, қаладағы зардап шеккен халықты қабылдауға арналған 167 орында тұрақты түрде оқу-жаттығу өткізіледі. Бұл орындардың дайындығын пысықтау төтенше жағдай кезінде тұрғындарды қабылдау мен орналастыруды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жер сілкінісі секілді табиғи апаттар кезінде баспанасыз қалған азаматтарды орналастыру және далалық штабты өрістету мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің балансына 5 гектар жер телімі берілген. Бұл аумақ төтенше жағдай кезіндегі ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге арналған қажетті инфрақұрылымды орналастыруға негіз болады.

Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстар азаматтық қорғаныс жүйесін кешенді дамытуға бағытталған. Мамандарды даярлау, оқу-жаттығулар өткізу, тұрғындарды ақпараттандыру, химиялық қауіптерді азайту және төтенше жағдай кезінде халықты қабылдау мүмкіндіктерін жетілдіру – осы жүйенің өзара байланысты бағыттары.

Төтенше жағдайдың алдын алу тек жауапты мекемелердің міндеті емес. Әр тұрғынның қауіпсіздік ережелерін білуі, ақпараттық нұсқаулықтарды ескеруі және төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсінуі де маңызды.

Сондықтан қалада жүзеге асырылып жатқан шаралардың түпкі мақсаты – ықтимал қауіптердің зардабын барынша азайту, халықтың төтенше жағдайларға дайындығын арттыру және тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған азаматтық қорғаныс жүйесінің тиімділігін нығайту.

Талап Тілеген

Бүгін, 14:55
Шымкент жастары: жүйелі қолдау және жаңа бастамалар
Бүгін, 13:08
Шымкент: Төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары күшейтілуде
28 қазан, 18:31
Шымкент: Шағын өндіріс алаңының шапағаты
28 қазан, 17:22
«JAS QAZAQ» газетінің 10 жылдық мұрағаты зерттелді
28 қазан, 13:47
Президент Жолдауындағы басты бағыттар қандай?
27 қазан, 18:46
Алматыда жастар мен Жетісу ауданының тұрғындары қалдықтарды сұрыптау бойынша экологиялық акцияға қатысты
27 қазан, 18:25
Ақмарал Ещанова: Экологиялық туризмді дамыту табиғатты қорғаумен қатар жүруі керек
27 қазан, 14:57
Жанұзақ Махамбетов: Басты міндет – қала тұрғындарына жылуды үздіксіз жеткізу
25 қазан, 17:35
Алматыда таулы аумақтарды тазарту бойынша ауқымды экологиялық акция өтті