jasqazaq.kz

Шымкент: Өрісі кеңейген өңдеу өнеркәсібі

Бүгін, 20:17

Қазіргі заманғы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы оның өңдеу өнеркәсібінің өсу деңгейіне байланысты. Бұл жерде сол өндірісті жергілікті шикізатпен қамтамасыз етудің орны бөлек. Ол импорт пен қымбат тасымал шығынынан құтылуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмасы да нарықтың осындай тиімді де оңтайлы тетіктерін пайдалануды қамтиды. Өнеркәсібі өркендеген Шымкент қаласында мұндай жүйе сәтті түрде жүзеге асырылып жатыр.
Күні кеше шаһарда аумағы атшаптырым қойма ашылды. Бір қарағанда, оның өңдеу саласына қатысы жоқ боп көрінуі де мүмкін. Дегенмен, бір мезгілде 1000 тонна полипропилен сақтайтын логистикалық нысанның мегополистегі бірқатар кәсіпорындар үшін маңызы аса зор. Оған тоқталмас бұрын осы полипропиленнің Атыраудағы зауытта («Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» — «KPI») өндірілетінін атап өткен жөн. Компания биылғы ақпан айында әлгі қойманы тест жүйесімен іске қосып, Шымқалаға 3800 тонна өнім жөнелтті. Реті келгенде айта кетейік, осы полипропилен де жергілікті шикізаттан — Теңіз кенішінде өндірілетін пропаннан алынады.
Тақырыбымызға оралсақ, Шымкент қаласында «Bal Carpet» фабрикасы бар. Жыл сайын 6 миллион шаршы метр кілем шығарады. Кәсіпорын өндірісте полипропиленнен жасалатын жіпті пайдаланады. Бұрын оны Ресей мен Қытайдан сатып әкелетін. Барған сайын өсіп жатқан бағаға қоса, уақыт пен тасымал шығыны да аз емес. Ал отандық шикізатқа көшкен соң кілем бұйымдарының өзіндік құны 15-20 пайызға арзандапты. Ең бастысы, енді алыстан арқаламайды. Полипропилен шаһардағы қоймадан цехқа жылдам жеткізіледі. Соның арқасында, фабрика үздіксіз жұмыс істеп, 2600 метр жіп шығаруға небәрі 1 минут жұмсайды.
Шымқаланың көз жауын алатын кілемін бүгінде еліміздің түкпірі-түкпіріндедегі сауда орындарынан кезедестіруге болады. Бұған қоса, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия мен Қытайға жөнелтіледі. Қала әкімдігі мен «KPI» зауыты арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың арқасында Шымкенттің әлеуметтік — өнеркәсіптік әлеуеті арта түсті. Ең бастысы, 600 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.


Осы «Тиімді тізбек» жүйесінің игілігін көріп отырған тағы бір кәсіпорын – қаладағы «Marvic Partners». Былтыр желтоқсан айында ашылған зауыт спонбанд өндіреді. Тоқыма санатына жатпайтын осы материалдан ауыл шаруашылығы, медицина және құрылысқа арналған агроталшық, үлдір, мембрана сияқты бұйымдарды шығарады. Жылдық өндірістік қуаты 5 мың тоннаға жететін бірегей жобаға тартылған инвестиция көлемі 4,7 млрд теңгені құрайды. Мұнда 136 адам тұрақты жұмыс істейді. Бір ерекшелігі — «KPI» іске қосылғанға дейін Қазақстанда мұндай кәсіпорын болмаған. Шаруашылыққа аса қажет бұйым бүгінде елдегі және Орталық Азия өңіріндегі тұтынушылардың сұранысын қамтамасыз етеді. Ал Шымқаладағы қойма инфрақұрылымы зауыттағы өндіріс процесін жеңілдетіп, өнімнің өзіндік құнын едуәір азайтты.
Оңтүстік мегаполисте өнімі сұранысқа ие жобаларға инвестиция тарту қарқынмен жүріп жатыр. Биыл жазда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар өндіріс нысанын іске қосу рәсіміне қатысты. Бұлардың арасында картон қорап және алюминий профилін шығаратын, сондай-ақ, қолданылған аккумуляторды қайта өңдейтін зауыттар бар.
Нарықтық қатынастың тиімді тетіктерін сәтті пайдаланып отырған Шымкентте өңдеу өнеркәсібінің өрісі кеңейіп келеді. Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы ұсынған мына мәліметтер осы пікірді растайды. Биылғы жылдың алғашқы жартысында шаһардағы кәсіпорындар 969,5 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,7 пайызға артық.

Талап Тілеген
Сурет: kmg.kz; yujanka.kz

Бүгін, 20:17
Шымкент: Өрісі кеңейген өңдеу өнеркәсібі
Бүгін, 14:40
Шымкенттегі медициналық инфрақұрылым: жаңа нысандар бой көтереді
29 қыркүйек, 15:58
Шымкентте бұқаралық спортқа басымдық берілуде
28 қыркүйек, 14:29
Шымкент: Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде
22 қыркүйек, 16:36
Зауыт құрылысында - отандық жабдық! (Видео)
17 қыркүйек, 21:00
Таңғы шық елімен тартымды уағдаластық
11 қыркүйек, 10:49
Алматыда жаңа кітап беру пункті ашылды
09 қыркүйек, 14:41
КЛАССИК
08 қыркүйек, 14:32
Берік Төлеуов: Шымкентте жедел медициналық көмектің сапасы мен жеделдігі арттырылуда