jasqazaq.kz

Шымкент мектептері жаңа оқу жылына дайын

Бүгін, 14:36

Биылғы жаңа оқу жылы еліміз үшін тарихи маңызы зор кезеңде басталғалы отыр.  Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты қолдауымен және іргелі реформалары нәтижесінде білім саласында шешімін тапқан жүйелі әрі кешенді нәтижелер бар. Сол сияқты еліміздің үшінші мегаполисінің білім саласындағы нәтижелер де ауыз толтырарлық.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкенттегі білім беру ұйымдарында жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға бағытталған қосымша ғимараттар салынуда. Қала мектептерінде жасанды интеллект негіздерін оқыту, STEM және робототехника бағыттарын дамытуға басымдық беріледі. Білім беру саласындағы ауқымды өзгерістер туралы Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары міндетін уақытша атқарушы БекжанТайғашов Jas Qazaq тілшісіне айтып берді.

– Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептерде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Қазір қаладағы білім беру нысандарын жаңа оқу жылына дайындау жұмыстары жүріп жатыр. №41, №42, №46, №96, №106 мектептер мен №1 Білім-инновация лицейінде күрделі жөндеу жүргізілуде. «Ақ көгершін» балабақшасының жөндеуі аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған алты мектептегі жұмыстарды тамыз айында аяқтап, жаңа оқу жылына дейін іске қосу жоспарланған.

Оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін жеті мектепке қосымша ғимараттар салынуда. №19 мектеп пен Сайрам көмекші мектеп-интернаты пайдалануға берілді. №16, №66, №82, №121 және №122 мектептердің қосымша ғимараттары да жаңа оқу жылы қарсаңында немесе жыл соңына дейін іске қосылады.

Бүгінде қаладағы білім беру ұйымдарында үш ауысымды және апатты мектептер жоқ.

Жылыту маусымына дайындық та қатар жүргізілуде. Қаладағы 255 мекеменің 249-ы жылу жүйелерін гидравликалық қысымдаудан өтіп, дайындық актілерін алды. Қатты, сұйық отын және газбен жылытылатын нысандар бойынша да қажетті отынды жеткізу жұмыстары ұйымдастырылған.

– Ал оқушыларды жаңа оқу жылында қандай өзгерістер күтіп тұр?

– Ең басты жаңалықтардың бірі – жасанды интеллект негіздерінің оқу процесіне енгізілуі. 2026–2027 оқу жылынан бастап оқушылар жас ерекшелігіне қарай ЖИ технологияларымен танысады. Бастауыш сыныптарда цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллектінің бастапқы элементтері оқытылса, 5–11 сыныптарда информатика және жасанды интеллект бағыты күшейтіледі.

Балалар ЖИ құралдарын дұрыс пайдалануды, ақпараттың шынайылығын тексеруді, жасанды интеллект жасаған контентті сыни бағалауды, бағдарламалау мен деректермен жұмыс істеуді үйренеді.

Сонымен бірге жасанды интеллект оқытуды жекелендіруге де мүмкіндік береді. Мысалы, оқушының белгілі бір тақырыптан қиналып жүргенін анықтап, оған қосымша тапсырма немесе оқу материалы ұсынылуы мүмкін.

– Мұндай өзгерістер мұғалімдердің жұмысына қалай әсер етеді?

– Әрине, жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды. Педагогтің кәсіби мүмкіндігін кеңейтуге және уақытын үнемдеуге көмектеседі.

Мұғалімдер ЖИ құралдарын сабақ жоспарын әзірлеу, тапсырмалар дайындау, оқушылардың деңгейіне қарай саралау, бағалау материалдарын әзірлеу, презентация мен инфографика жасау, ақпаратты жүйелеу және оқу нәтижелерін талдау кезінде пайдалана алады.

Бұдан бөлек STEM, робототехника және технологиялық жобаларға да басымдық беріліп отыр. 2026 жылы инклюзивті білім беруге жағдай жасаған ұйымдарды физика, химия, биология, робототехника және STEM кабинеттерімен қамтамасыз ету бойынша мақсатты көрсеткіш 95 пайыз болып белгіленген.

– «Келешек мектептері» жобасы бойынша Шымкентте қандай нәтиже бар?

– Шымкентте «Келешек мектептері» бағыты бойынша 12 мектептің қабылдау актілері рәсімделіп, барлығы пайдалануға берілді. Сонымен қатар қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы, «Мақсатты мектеп» және «EDUCAMPSHYM» жобалары жүзеге асырылуда. Бастамалардың негізгі мақсаты – мектептердегі оқу ортасын жаңарту, оқушылардың практикалық және цифрлық дағдыларын дамыту.

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 15:42
Шымшаһарда қолжетімді баспанамен қамту қарқынды
Бүгін, 14:36
Шымкент мектептері жаңа оқу жылына дайын
03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор