
Бұл туралы Шымкент қаласының Ақтараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингте білім басқармасы басшысының міндетін атқаушы Рыскелді Әліш мәлімдеді.
Брифингте Рыскелді Салхутдинұлы 2021-2022 оқу жылын қорытындылады. Биыл қалада 11-сыныпты бітіруші оқушылар саны 11 189 болса, оның ішінде 453 түлек «Алтын белгіге» үміткер. Ал, 20 оқушы шетелдік жоғары оқу орындарына түсуіне байланысты ҰБТ тапсырудан бас тартқан.
–Биыл «Түлек 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты тақырыпта барлық білім ұйымдарында 25 мамыр күні соңғы қоңырау соғылады. Мерекелік іс-шара өткізу барысында бітіруші түлектерге аниматорлар мен мерекелік агенттіктер, жеке студияларды тартуға, мектеп бітіру кешін сән-салтанатты өткізуге, салтанатты дастархан ұйымдастыруға, прокатқа машина алу арқылы қала ішінде экскурсия өткізуге шектеулер қойылады. Мектептің әкімшілік және педагогикалық қызметкерлері үшін сыйлыққа ақшалай қаражат жинауға, мектеп бітіру іс-шарасын мейрамханаларда, кафелерде және басқа да көңіл көтеретін орындарда өткізуге жол берілмейді,-деді Р.Әліш.
Мектепте 9 (10) сыныптардың қорытынды бітіру емтихандары 28 мамыр – 6 маусым аралығында төрт пән бойынша емтихан тапсырады. 11 сыныптың түлектері емтиханды 27 мамыр мен 10 маусым аралығында бес пәннен тапсырады.
«Қазақстан тарихы» пәнін қорытынды аттестаттау осы жылдан бастап ауызша (билеттер бойынша), қалған пәндер жазбаша өтеді.
Сонымен бірге, оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу үшін қала сыртындағы сауықтыру лагерлеріне жолдама қаралып отыр. Жолдама беруде аз қамтылған және көпбалалы отбасының балаларына басымдық беріледі.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялануына орай, қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының бастамасымен оқушыларды, балаларды қолдауға арналған түрлі іс-шаралар қолға алынған. Көптен бері алғаш реті 150 мың жуық оқушы бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде, оған қоса, 60 мың оқушыға арналған тегін үйірмелер жұмыс істеп тұр.
Тоқтар Жақаш