
Бүгін елімізде ҚР Конституциясына өзгеріс енгізу үшін жалпыхалықтық референдум өтуде. Шымкент қаласында 311 сайлау учаскесі бүгін таңғы сағат 07:00-ден бастап өз жұмысын бастады. «Түркістан» сарайында орналасқан №231 референдум учаскесіне Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов келіп, өз даусын берді.
–Бүгін Қазақстан халқы үшін аса маңызды күн. Конституцияны өзгерту жөніндегі референдум арқылы еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқалы отыр. Жергілік биліктің міндеті — референдум учаскелерін қалыптастырып, олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау. Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан бұл міндет толығымен орындалды, — деді қала әкімі.

Қалада 631 133 сайлаушы тіркелген. Азаматтардың барлығы түрлі құралдар арқылы референдумға шақырылған. Ал, өздігінен келуге мүмкіндігі жоқ сайлаушыларға жылжымалы жәшіктер ұйымдастырылған. Сонымен бірге, инватаксилер мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау қызметі атқарып жатыр.
Мемлекет басшысының референдум өткізу туралы ұсынысын қолдап, жеке транспорт мекемелері бүгін қала тұрғындарын қоғамдық көлікпен тегін тасымалдайды.
Шымкентте референдумға қариялар да белсенді қатысуда. Жібек жолы көшесі №43 үй, 83 пәтердің тұрғыны 86 жастағы тыл ардагері Нүркен Әбдіреев атамыз Еңбекші ауданындағы С.Ерубаев атындағы №24 мектеп лицейінде орналасқан №24 референдум учаскесіне бірінші келіп, өз таңдауын жасады.

«Шығармашылық адамы болған соң, іс сапарда жүреміз. Қайда жүрсек те, референдумға қатысып, ел болашағы үшін үн қосу –азаматтық парызымыз». Шымкенттегі №231 референдум учаскесінде өз таңдауын жасаған қазақ кинемотографиясының корифейі Асанәлі Әшімов осылай деді.
–Бүгін халқымыз үшін үлкен мейрам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мен халыққа сенемін!» деп, елге үлкен сенім артып отыр. Халықтың экономикасы, әл-ауқаты, мәдениеті, әдебиеті мен өнері әрқашан дамуды талап етеді. Күні кеше Ғылым Академиясын қайта қалпына келтіріп, аталған салаларға деген қолдауымен қуантып отыр. Жаңа Қазақстанды бірге дамытуға үлес қосайық. Шығармашылық адамы болған соң, іс сапарда жүреміз. Қайда жүрсек те, референдумға қатысып, ел болашағы үшін үн қосу — азаматтық парызымыз. Іс-сапар жоспарымызға орай Шымкентте дауыс беру бұйырыпты, — деді Асанәлі Әшімов.

Шаһарда референдум барысын бақылау үшін қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне де жағдай жасалған. Кез келген учаскеге барып, тіркеліп бақылай алады. Халықаралық байқаушылар да жұмыс істеп жатыр. Барлығы ашық, заң аясында өтіп өтуде. Нақтырақ айтқанда, 900-ге жуық байқаушы бақылау жүргізуде. Оның ішінде шет мемлекеттерден келген 12 байқаушы бар.
Айта кетсек, бүгін халық дауыс беру арқылы еліміздің басты құжаты болған Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілмек.
Тоқтар Жақаш