
Орталық Азия өңіріне таралып жатқан синтетикалық есірткінің «улы тұзағына» көбіне жеткіншектер түседі. Содан болар, есірткімен байланысты қылмыстың үште бірі 15-30 жастағы жастардың қолымен жасалады. Таяуда Біріккен Ұлттар Ұйымы осындай алаңдатарлық деректі жария етті.
Ғасыр дертіне тосқауыл қою — Қазақстан үшін де көкейкесті міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның дамуын тежеп, әсіресе, жас буынның өміріне балта шабатын бес әлеуметтік кеселдің басында осы нашақорлық тұрғанын айтқан болатын. Президент теріс әдеттен арылып, есірткі зобалаңына қарсы жұмыла әрекет етуге шақырды. Құзырлы мекемелерге тиісті тапсырма берілді.
Осыған орай, Шымкент қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бұл ретте Орталық Азия аумағы арқылы өтетін есірткі трафигінің халықаралық көлік дәліздері түйісетін Шымқалаға елеулі қауіп төндіретінін де атап өткен жөн. Бұған бір дәлел: биылғы жылдың 7 айында жергілікті полиция шаһарда есірткіге қатысты 296 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында осындай деректі жария еткен қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаев мұның есірткі саудасы, оны ірі мөлшерде сақтау және еліткіш өсімдіктерді өсірумен байланысты екенін тілге тиек етті. Сарапшылар кейінгі жылдары жылдары есірткі заттарды интернет және әлеуметтік желі арқылы тарату белең алғанына назар аударады.

Осыған орай, Шымкентте мұндай заңсыз арналарды анықтап, оларға тегеурінді тосқауыл қойылып отыр. Атап айтқанда, жыл басынан бері есірткі жарнамасы мен оны таратумен айналысқан 1225 интернет-сайт, әлеуметтік желідегі парақша мен мессенжерлік арна әшкереленіп, бұғаттау шарасы қолданылды. Жұргізілген жедел-іздестіру шараларынынң арқасында синтетикалық есірткіні интернет арқылы таратудың 49 дерек анықталып, еліткіш заттарды қуыс-қуысқа қойып кетумен айналысқан 40 адам ұсталды.
Олар қылмыстық жауапкершщілікке тартылды. Бұған қоса, қылмыстық әрекетте пайдаланылған 576 банк шоты анықталып, тиісті шешім арқылы оларға шектеу қойылды.Тағы бір жемісті қадам ретінде «Қарасора -2026» республикалық арнайы жедел профилактикалық іс-шарасының Шымқалада сәтті түрде жүзеге асырылып жатқанын айтқан абзал. Тәртіп сақшылары тұрғын үйлерді аралау немесе әуеден бақылау жүргізу арқылы есірткі өсімдігін өсіру және оны сақтауға қатысты деректерді тексереді.
Соның нәтижесінде шаһардағы тұрғын үйден 300 келі өсімдік тәркіленді. Ал қаладағы Тұран шағын ауданында есірткі өсімдігін жасанды әдіспен өсіруге арналған «фитозертхананың» анықталды. Бұл жерде есіпрткі өсімдігі мен екі қару тәркіленді. Есірткі қылмысының жолын кесумен бірге нашақорлықтың алдын алу аса маңызды міндет екені баршаға белгілі. Мұның тиімділігі де зор.
Мегаполисте осы бағытта ауқымды шаралар қолға алынып жатыр. Полиция департаменті мемлекеттік органдармен бірлесіп, жыл басынан бері 788 іс-шара өткізсе, оған 114 мыңнан астам адам қатысқан. Маусым айында «Шымкент – есірткісіз қала» атты кең ауқымды науқан өткізілді. Белсенді азаматтардың көмегімен қала аумағында есірткі заттары мен заңсыз интернет-ресурстарын жарнамалайтын 1 мыңнан астам граффити-сурет жойылды.
Әлеуметтік кеселге жататын нашақорлықтың алдын алуда тек құқықтық шаралармен шектелмей, әсіресе, оның зиянын жас буынға түсіндіру негізгі бағыт болып қала береді. Осыған орай, білім беру орындарымен бірлесіп түрлі кездесу, тәрбие сағаты сияқты шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Біраз күнен кейін жаңа оқу жылы басталады. Демек үшінші мегаполисте жасөспірімдер мен жастарды теріс әдеттен сақтандыратын профилактикалық жұмыс жалғаса түседі.
Талап Тілеген
Суреттер: Шымкент қаласы Полиция департаменті
Инфографика: jasqazaq.kz