
Шымкент қаласында соңғы тәулікте коронавирус инфекциясының 66 жағдайы тіркелген. Тұрақсыз эпидемиялогиялық жағдайға байланысты қаладағы емханалар жанынан 75 мобиьлді бригада жасақталды. Бұл туралы бүгін қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
С.Дүйсенбаеваның айтуынша, емхана жанынан құралған мобильді бригада шақырту бойынша науқастарға үй жағдайында медициналық көмек көрсетеді. Қазірде 43 емханадан 76 мобильді бригада жасақталса, 137 мобильді бригада резервте тұр.
Ал эпидемиялогиялық жағдай өршіген тұста қаладағы инфекциялық стационарлар қайтадан жасақталып, медициналық көмек көрсетуге дайын.
“Қала әкімі М. Әйтеновтің тапсырмасы аясында ковидтің ықтимал толқынына үш сценарий дайындалған. А – ағымдағы жағдай 803 төсек-орын. В –эпидемиологиялық жағдай нашарласа, төсек-орын санын 1763-ке дейін артады. С – эпидемиологиялық дағдарыс орын алса, 2 513төсек-орын ашылады. Ковидке қарсы вакцинациялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қалада 45 екпе нысаны бар. 1-ші компонентпен 619 490 адам, 2 – ші компонентпен- 607 859 адам егілді”-деді С. Дүйсенбаева.
Шымкентте жыл басынан бері коронавирус жұқтырған 7 744 науқас анықталған. Емделіп шыққан науқастардың саны 6 991. Ал соңғы 10 күнде COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 686 жағдайы (31 стационарлық ем қабылдауда, 655 амбулаторлық бақылауда) тіркелді. Соңғы тәуілікте 66 жағдай (51 симптоммен, 15 симптомсыз).
Қала тұрғындарына вакцинаның үшінші дозасымен бүгінге 354 719 адам (59%) ревакцинацияланды (жоспар 596 205), төртінші дозасымен 15 032 адам (94%) қайта ревакцинацияланды (жоспар 15 928).
Соңғы тәулікте 101 науқасқа үйде медициналық көмек көрсетіліп, 1376-ы науқасқа қонырау соғылды. Олар: КВИ, ОРВИ, пневмониямен ауратын және коронавирустық инфекцияны жұқтырған адаммен байланыста болған азаматтар.
Тоқтар Жақаш