
Шымкентте «Қала күніне» орай қазақша күрестен «Шымкент барысы» республикалық турнирінің іріктеу кезеңі басталды. Белдесуде 90 келіден астам салмақ дәрежесінде 26 балуан күш сынасты
Жарыс Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионның жеңіл атлетикалық аренасында өтуде. Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов балуандарға сәттілік тіледі.

–Ұлттық спорт түрлері ата-бабаларымыздан келе жатқан асыл мұрамыз. Біз оны көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз аз емес. Оның айғағы ретінде қазақ күресінен Әлемдік деңгейде биік тұғырлардан көрінген, Әлем Чемпионатының жеңімпазы, Әлем Барысының күміс жүлдегері, Евразия Барысының жеңімпазы — Ерсұлтан Мұзаппаров және Әлем Чемпионатының жеңімпазы, Азия Чемпионатының үш дүркін жеңімпазы — Әділжан Истабаевты айтып өтуге болады. Құрметті қонақтар, көрермендер осы сәтті пайдалана отырып, жарыс барысында палуандарымызға сәттілік тілеймін!-деді қала әкімі М.Әйтенов.
Жарысқа Әлем және Азия Чемпионатының жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен төрешілер және спорт шеберіне үміткерлер қатысып жатыр.

Айтулы спорт додасын Б.Нарымбетов бастаған қала мәслихатының депутаттары, Майра Мұхамедқызы, Мұхтархан Ділдәбеков тамашалауда.
Жүлделі 1-орын алған Мұзаппаров Ерсұлтан және де 2-орынға ие болған Темірхан Нұрсат «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне жолдама алды, спортшыларымыз қала намысын қорғайды.
Қазақ күресі Федерациясы тарапынан Мұзаппаров Ерсұлтанға автокөлік сыйлыққа берілді, Темірхан Нұрсат спортшымызға қаржылай 350 000 тенге, 3-орын иегері Қожагелді Нұрсұлтанға қаржылай 150 000 тенге табысталды.

Қазіргі таңда қаланың 4 спорт мектебінде қазақ күресімен 466 спортшы кәсіби түрде шұғылдануда. Бүгінгі «Шымкент барысында» 1-2 орын алған балуандар шілде айында ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық жарысында Шымкенттің намысын қорғайды.

Айта кетейік, өткен жылы өткен байрақты бәсекеде жалпы 30-ға жуық балуан белдескен болатын. Олардың қатарында Л.Тажиева атындағы №4 спорт мектебі мен №10 ОРБЖСМ спортшылары да бар. Жарыста Ерсұлтан Мұзаппаров жеңімпаз деп танылып, «Шымкент барысы» атанды. Ал Нұрсұлтан Қожагелді екінші, Әл-Фараби Бекұлы үшінші орынды иеленді.
Тоқтар Жақаш