
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала аумағын инфрақұрылыммен қамту құрылыстарын аралады. Алдымен Қайнарбұлақ тұрғын алабына арнайы барып, ауыз су тарту жұмысының барысын көрді.
Жуырда басталған нысанның құрылысы толығымен келер жыл соңына дейін аяқталады. Ал, табиғи газ жүйесінің құрылысы биыл басталады. Қазір мердігерді анықтау мақсатында конкурс өткізілуде.
Қала әкімі құрылыс жұмыстарындағы кемшіліктерді дер кезінде түзетіп, жұмыс сапасын үнемі бақылап отыруды аудан әкіміне жүктеді.
Мұнан кейін қала басшысы «Бозарық» индустриалды аймақтың инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмысын бақылады.

Мемлекет Басшысы геосаяси жағдайдың күрделенуіне байланысты еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі және бағаны тұрақтандыру мәселесіне байланысты нақты тапсырмалар берген-ді.
Бұл бағытта қаламыздың ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту арқылы қолға алу көзделген. Бүгінгі таңда аумағы 133 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде.
Мұнда қазір 15 шақырымдық суаққының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жұмыстың 46 пайызы орындалған. Қазіргі сәтте электр жүйесі тартылуда. Индустриалды аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту толығымен 2023 жыл соңына дейін аяқталады. Қазір ішкі және сыртқы жолдар үшін конкурс өткізілуде.
Келесі нысан — Қаратау ауданындағы Шығыс айналма жолының құрылысы. Бүгінде айналма жолдың құрылыс жұмыстары қарқынды. Нысанның құрылысы 2021 жылы басталған. 1-кезеңі №1 автожолынан Әл-Фараби көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Айналма жолдың ұзындығы — 3,9 шақырым, 4 жолақты және ені — 60 метр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 28% орындалды.
Шаһар басшысы жұмыстардың межеленген мерзімде және жоғары сапада орындалуын тапсырды.
Тоқтар Жақаш