25 мамыр – оқу жылының аяқталған күні. Осыған орай барлық мектепте соңғы қоңырау мерекелік іс-шарасы өтуде.
Шымкенттегі Ө.Жолдасбеков атындағы мектеп-лицейде өткен салтанатты жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлісхан Нахбаева, ата-аналар комитеті мен қамқоршылар кеңесінің төрағалары, ата-аналар, оқушылар қатысты.
Мектеп түлектері салтанатпен ортаға шығып, өз орындарына жайғасты. Шыңғыс Жұмабекұлы көпшілікті мерекемен құттықтады. Мектеп бітіруші түлектерге сәт сапар тілеп, өмір жолында табысты болуды айтты.
– 11 жыл білім алып, мектепті аяқтап шығу – ең жауапты сәттің бірі. Бұл – ересек өмірге басатын алғашқы қадам. Ендігі қадамдар үлкен жауапкершілікке толы болады. Сол жолда сіздерге кездескен барлық кедергіні еңсеріп, елімізге табыс әкелетін азамат болып қалыптасуларыңызға тілектеспін. Ақ жол! – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Мектеп директоры Анар Аманқұлова да құттықтау сөз алып, оқушыларының жетістігін тілге тиек етті. Биыл мектепті 251 түлек тәмамдағалы отыр. 12 оқушы – Алтын белгі, ал 10 түлек ерекше үлгідегі аттестат алудан үміткер саналады.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 2021-2022 оқу жылын 11 189 түлек аяқтайды. Биылғы мектеп бітіруші түлектердің 8 мыңнан астамы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады, соның ішінде 453 оқушы Алтын белгіге үміткер. Ал, білім саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесінде осы оқу жылында 500-ден астам шымкенттік оқушы халықаралық және республикалық сайыстарда топ жарды.
Сонымен қатар, жылы Шымкентте 25 мектеп салынса, биыл 17 мектеп салу жоспарланды. Келер жылы үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілетін болады. Одан бөлек, Оқушылар сарайы мен Саз мектебі салынуда.
Тоқтар Жақаш