jasqazaq.kz

Шылым мен қорқорға шектеу қоюға кәсіпкерлер қарсы шықты

26 сәуiр 2019, 12:34

 Елімізде қорқор мен темекі төңірегіндегі дау өршіп барады. Өйткені Денсаулық сақтау министрлігі елдегі мейрамхана мен кафелерде шылымға шектеу қою туралы заң жобасын әзірлеп жатыр. Алайда бұған бизнесмендер жаппай қарсылық танытуда. Айтуларынша, тыйымның кесірінен 5 мыңға жуық қорқор шегетін орын банкрот болып, мыңдаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Мейрамхана, кафе мен түнгі клуб қожайындарынан соңғы кездері жаппай маза кеткен. Өйткені, тамақтану және көңіл көтеру орындарында қорқор мен темегі шегуге заңмен тыйым салынуы мүмкін. Сондықтан бизнесінің қамын күйттеген кәсіпкерлер табыстан қағыламыз ба деп қазірден алаңдап отыр.

Игорь Копайлов, Мейрамхана-қонақ үй бизнесі қауымдастығының президенті:

— Не үшін тыйым салғалы жатқанын мүлдем түсінбей отырмыз. Өйткені, барлық санитарлық талаптарды сақтап келеміз. Шылым шегетіндерге бөлек бөлмелер салыңдар деді. Салдық. Мен мұны бизнеспен айналысу еркіндігін шектеу деп түсінемін.

Яғни, заң қабылданатын болса, тыйымның кесірінен 5 мыңға жуық кальян шегу орны жабылып тынуы мүмкін дейді кәсіпкерлер. Әрі мейрамхана-қонақ үй бизнесі жылына 1 миллиард доллар кірістен қағылып, бюджетке салықтан түсетін ақша азаяды дейді. Сондықтан кәсіпке тұсау салмауды өтінген рестораторлар, Ресей думасының депутатын да жиынға шақырған. Сергей Катасоновтың айтуынша, бір ғана тыйыммен мәселе шешілмейді.

Сергей Катасонов, Ресей федерациясы мемлекеттік думасының депутаты:

— Екі жыл бұрын Ресейде қоғамдық орындарда қорқор мен темекі шегуге тыйым салатын заңды қабылдадық. Бірақ, бұдан түтінге тұншыққандардың саны азая қойған жоқ. Керісінше, көлеңкелі бизнес артып, тексерушілерге пара беріп құтылатын рестораторлардың саны көбейді.

Бірақ, бұған қарамастан Денсаулық сақтау министрлігі қорқор мен шылымға тыйым салатын заңды әзірлеп жатыр. Айтуларынша, бұл — халықтың денсаулығы үшін керек.

Зауре Ахметова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаменті директорының орынбасары:

— Қазір әлемнің 58 еліндегі тамақтану мен көңіл көтеру орындарында қорқор мен темекіге тыйым салынған. Соның нәтижесінде түрлі жүрек, өкпе ауруларының саны азайып, халықтың өмір сүру деңгейі артқан. Сондықтан бізде тыйым салуды көздеп отырмыз. Адамдар шылымды қазіргідей далада, қоқыс жәшігі бар жерде шеге беретін болады.

Десе де, бастама талқылаудан өтіп жатыр. Тиісті құжатты Денсаулық сақтау министрлігі жан-жақты зерттеп, бір-екі айдың ішінде мәжілістің қарауына енгізбек. Қазірден-ақ, дау туғызған бастама төменгі палатада да қызу талқыға түскелі тұр.

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде