
Шығыс Қазақстан облысындағы Пихтовск орман шаруашылығында терек мамығынан өрт шыққан.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 26 мамырда сағат 19.47-де Пихтовск орман шаруашылығының Кедровск орманшылығында терек мамығы өртенген. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті.
«Көп ұзамай жалпы ауданы 0,0366 гектарды шарпыған қызыл жалын ауыздықталды. Алдын ала мәлімет бойынша тілсіз жаудың шығуына отпен абайсыз әрекет ету себеп болған. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 13 адам, 15 орманшы мен 8 техника жұмылдырылды», — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, департамент мамандары өңір жұртшылығына өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
ҚазАқпарат