Елімізде төлем карталарын пайдаланушыларды алдап, ақшасын жымқыратын алаяқтар көбейген. Шотыңыздағы қаржыны қалай қорғауға болады? Алдымен алаяқтар өзін банк қызметкері ретінде таныстырады.
Кейін жеке мәліметтерді алуға тырысады. Бөгде адам сіздің есеп шотыңыз арқылы төлем жүргізбеу үшін бірнеше ережені ескеру қажет. Соңғы уақытта жеке мәліметтер мен төлем карталарының реквизиттерін, тіпті, телефон арқылы код пен құпия сөзді заңсыз жинау фактілері көбейген. Сондықтан қазақстандық банктер мен Қаржыгерлер қауымдастығы онлайн операциялар кезінде сақ болуға шақырады. Алаяқтардың арбауына түспеу үшін қаржы органдары мына ережелерді ұстану керек дейді. Біріншіден, SMS-хабарлама арқылы келген кодты ешкімге, тіпті банк қызметкерімін деп хабарласқан тұлғаларға айтпаңыз. Екіншіден, төлем карталарыңыздың реквизиттерін ешкімге айтпаңыз. Сонымен қатар картаңыз туралы деректерді интернетте жарияламаңыз және мессенджерлер арқылы жібермеңіз. Үшіншіден, қоңырау күдікті көрінсе, байланысты бірден үзіп, бұл туралы банктік төлем картасының артындағы телефон нөміріне хабарлау керек.