Жуырда Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпкерлер аяқ астынан шулап қоя берді. Олар өңір басшылығына мемлекеттік сатып алуды өткізуде жеке басының мүддесін күйттейді, яғни сыбайлас жемқорлықпен айналысады деген айып тақты. Облыс әкімі қызметінен кетсін деген талап қойды. Шулатып жүрген Семейдегі ірі автотасымалдаушы. Банкроттыққа ұшырауына өздері кінәлі болса да, кәсіпорын басшылығы әкімдікті кінәлайды.
Еске түсірсек, 2018 жылы Семейде қоғамдық көлікті модернизациялау жобасын жүзеге асыру мақсатында мемлекет пен жеке инвестор «Semey Bus» ЖШС автопаркін құрды. Кәсіпорын «БРК-Лизинг» АҚ желісі (қазіргі атауы – «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ) бойынша 4,1 млрд теңгеге 170 автобусты лизингке сатып алды. Алайда екі жыл өткеннен кейін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ кәсіпорынға несие міндеттемесін орындамағаны үшін дефолт жариялады. Өйткені әлгі кәсіпорынның берешегі 1,1 млрд теңгеден асып кеткен. Қор лизингке алынған автобустарды қайтарсын деген талаппен сотқа жүгінуге мәжбүр болды.
Өз кезегінде «Semey Bus» ЖШС мұндай тығырыққа тірелуіне пандемиядан туындаған карантин шаралары кінәлі деп мәлімдеді. «Карантин міндеттемені мерзімінде орындауға кедергі болды» деген желеумен әкімдіктен заңды түрде субсидия берілуін талап етті. Жағдайын осылайша түземекші болды. Алайда бір реттік төлем ретінде талап етілген сома бүкіл жоба құнынан асып түсті. Сондықтан субсидия берілмейтін болды. 2020 жылдың наурызында «Semey Bus» ЖШС субсидия көлемін 3,5 млрд теңге деп белгіледі. Биыл оны өзгертіп, екі жылға 7,5 млрд теңге берілуін талап етті.
Бұған қатысты Семей әкімдігі мынадай түсініктеме берді: «Лизинг төлемінен құтылған соң автобустар «Semey Bus»ЖШС иелігіне көшеді. Сонда кәсіпорын субсидия есебінен 3,9 млрд теңге пайда табады». Демек осы жобаға қатысқан жеке инвестор әу бастан тек мемлекеттік қолдауға арқа сүйегісі келген ғой?
Айта кету керек, пандемияға дейін де кәсіпорын өз міндеттемесін орындамапты. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ ұсынған мәліметке сәйкес, 2019 жылдың 21 желтоқсанында ол лизинг төлемін 70 млн теңге көлемінде ғана жапқан. 2020 жылдың 22 қыркүйегіне дейін 12,1 млн теңгеден аспайтын сомада қарыздың бір бөлігін төлеген. 2021 жылғы 21 қаңтарға дейін қарызын кешіктірген.
Мемлекеттік ішкі аудит департаменті «Semey Bus» ЖШС қаржы-шаруашылық қызметін тексергенде мәселенің мән-жайы анықталды. Бәленің бәрі компания менеджментінің тиімсіз екендігінде. Несие міндеттемесінен басқа, салық, әлеуметтік төлемдерден де қарызға батқан. Оның жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асады. Бір қызығы, қаржы қиындығына қарамастан, «Semey Bus» ЖШС-ны жанама қадағалаушы кәсіпкер Серікжан Әйкелеев тасымалды тоқтатпай, табыс тауып жүрген көрінеді. Бірақ қарызын жабудың орнына облыс әкіміне қарсы шайқасқа кіріскен. Оған достары мен туыстарына тиесілі «жақын компанияларды» араластырған.
Облыс басшылығына күйе жаққысы келген компаниялардың барлығы мемлекеттік сатып алуға қатысып, тіпті тендерді жеңіп жүргенін ескерсек, бүгінгі қарсылық шарасы күмәнді көрінеді. Мәселен, Серікжан Әйкелеев құрған алты компания мемлекетпен 30 млрд теңгеге жуық келісімге отырған. Осының өзі ШҚО кәсіпкерлерінің облыс басшылығын мемлекеттік сатып алуды өткізуде сыбайлас жемқорлық тәсілдерін қолданады деген айыптаулары негізсіз екенін әшкерелеп тұрған жоқ па?
Талап Тілеген