
Бурабай ауданындағы Щучье көлінде екі кісіге арналған катамаран аударылып, төрт адам құтқарылды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шілденің 27-сінде Щучье қалалық құтқару станциясына Щучье көлінде катамаран батып бара жатқандығы туралы хабарланған.
«Шақыру орнына үш адамнан тұратын құтқарушылар тобы жетті. Анықталғандай, екі кісіге арналған катамаранға төрт адам отырған. Сол себепті, қайық аударылып, суға батып кеткен. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар зардап шеккендерді қайыққа салып, жағаға шығарды. Төрт демалушының да жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмекке мұқтаж емес», — деді ведомстводан.