
Алматыда қазақстандық жазушы Шерхан Мұртазамен қоштасу рәсімі өтіп жатыр. Қоштасу рәсімі Мұхтар Әуезов атындағы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтуде.
Жазушымен қоштасуға туыстары, жақындары және әріптестері келді. Сондай-ақ, жазушының жақындарына көңіл айтуға мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы әкімі Бауыржан Байбек, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, энергетика министрі Қанат Бозымбаев, актер Асанәлі Әшімов келді.
Қазақстандық жазушының қайтыс болғаны жайлы 9 қазанда хабарланған болатын. Ол 86 жаста болған еді. Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990-2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К. Смайыловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген. Оның шығармалары КСРО халықтары мен шетел тілдеріне аударылған.