Шераға қадір тұтқан ірі тұлғалар

05 тамыз 2022, 11:03

 Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл

Аты енді аңызға айнала бастаған ардақты адамдар жайында көп айтып, көп жазудың арқауы ақиқат ауылынан алыстамай, адал сөз, шынайы оймен шендесуінің мәні зор. Сыр сандықтарында талай ұрпақ ой таразысында ой қосып, зерделейтін заман тағлымы аз болмайды. Халық жазушысы Шераға, Шерхан Мұртазаның Жаратқан ием берген жасын жасап, бар өмірінде тұтас елдің құрметтісі болып, әр қазақтың жүрегінен орын алған ғұмырының көп қыры қарапайым ақиқаттан нәр алып, одан әрі ұласып, ұрпақ ұдайы айта жүретін аңызға айналғаны рас.

Мінез болмысы нағыз қазақтың намысқа қайраулы қылышындай, өжеттілігі соқтықпалы соқпақтарда өміршең, өресі биік, ұлтжанды, мемлекетшіл қайраткер және мейірімді жанды халқымыз шексіз жақсы көрді. Айбын көріп, арқа сүйеді. Қоғам елдік мұратқа қаныққан күрескерлігін қастерлеп, мақтан етті. Мемлекетшіл тұлға айнымас асыл сөздерімен, қуатты үнімен, табанды тірлігімен ел бірлігіне, ұлт мүддесіне қорған болып, ағалық ақыл-ойымен, ерен отты қабілет, турашыл жанашырлығымен егемен Қазақстанның рухани жағынан еңсе түзеп, тік тұруына толайым үлес қосты. Шераға қай кезеңде де шындыққа қасқайып қарайтын қайсар адам, қазақ баспасөзінің бас сардары, қазақ журналистикасы мен мәдениет кеңістігінің арғы-бергі тарихында теңдессіз бас редакторы болу тарихын жасады. Ар-намысқа бас тіккен, нені болсын тереңінен толғап, кесіп айтар Парламенттің дара депутаты қызметінде тым биікке көтеріліп кетті. Арыстан жүректі қасиетімен, таза пейілімен халық жүрген жолмен жүрді. Абыз дәрежесіне жеткен Шераға да жақсылар алдында шәкірт болған. Жолын ашып, иық тірестіріп, қамқор болған ағалары мен талантты үзеңгілестерін аялап өткені анық. Өзі өмірде артықшылығын бағалап, сыйлап өткен көптеген асыл жандардың қаламгерлік ерлігі мен зиялылық еңбектері туралы жалықпай, төгілтіп, толғап жазған эсселерін көп томдық жинағынан молынан табуға болады. Әдебиет майданының марғасқалары мен өз шығармашылығындағы кейіпкерлеріне сүйіспеншілік көңіл-күйі тасып жатады. Былайғы жұрт аңғара бермейтін құбылысты сәттерге Шераға көзімен қарап, айқара ашып айтудың құны аса салмақты. Анау-мынауға бас ауыртпайтын, ешкімге ықпайтын, аузы дуалы қаламгер сөзі дөп басады. Дерек-дәйегі мол дүниелер. Сонысымен де қызықты әрі құнды. Мысалы, Шераға шығармашылығында шоқтығы биік «Қызыл жебе» бес томдық романының жазылу тарихын айтқанда, кесек мінезді, рухы күшті, зерделі қазақ Рахмалы Байжарасов есімін көшелі сұхбаттары мен ойлы естеліктерінде жылы леппен, ыстық пейілмен және қимастықпен жиі ауызға алады. Бұл кісі кім? Асыл текті жанды білеміз бе? Шераға бұл адам жайында өз кітабында былайша еске алып, жазады: «Телестудияның тілшісі Бақтыбай Айнабеков деген жігіт телефон соқты.

— Аға, Тұрар Рысқұлов туралы жарты сағаттық хабар ұйымдастырсам ба деп едім. Бұл телебасшылардың ұйғарымы. Соған сіз өзіңіз және Тұрекеңді білетін кісілер қатысса… Тұрекеңді білетін кісілерді сіз білесіз ғой. Өзіңіз айтсаңыз. Бұл 1984 жылдың желтоқсаны еді. Хабарға өзім қатысуын қатысармын-ау. Білгенімді айтып бағармын-ау, ал Рысқұловты көрген, білген адамды қайдан табамын? Рысқұловты көрген қиын-қыстау заманның өзінде қызғыштай қорғаған бір азамат бар еді, о да дүниеден өтіп кетті. Қарт журналист Рахмалы Байжасаров еді. 1937 жылы «халық жауы» болып ұсталып, 1955 жылы босанып еді. 1960 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне «Тұрар Рысқұлов» атты көлемді мақала жазып еді. Жазбақ тұрмақ, атын сыбырлап айтуға бата алмаған кез болатын. Ал Рахмалы сол соншалықты «қорқынышты» есімді қорғап, ақтап жазады. Оған бас редактор Қасым Шәріпов қол қойып, жарыққа шығарды. Сөйтіп Тұрар Рысқұлов қайта тіріліп келгендей болады. Адамдар бір-бірінен сүйінші сұрап, қуанып қалады. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Нұрымбек Жанділдин қаһарына қатты мінеді. Оның тапсырмасымен Рысқұлов туралы қайтадан редакциялық мақала жазылады. Бұл мақалада Тұрар Рысқұлов «буржуазиялық ұлтшыл», «ұлтшыл уклонист», «пантюркист» болып айтылып, қайтадан қапасқа құлайды. Бас редактор Қасым Шәріпов қызметінен босатылады. Оның орынбасары Әлім Тұяқбаев та «рысқұловшина» ретінде орнынан түседі. «Ау, бұл қалай?» деп ешкім үн шығара алмады. Жалғыз Рахмалы Байжасаров аяусыз күреске бел байлады. КПСС Орталық Комитетінен комиссия шығаруды талап етіп, хат жазады. Нұрымбек Жанділдинге кіріп, айтысқа түседі. Ақыры Жанділдин: — Сендерді 1937 ұстауын дұрыс ұстаған, ал 1955 жылы босатуын дұрыс босатпаған, — деп салады. Мұндай қорлыққа шыдамаған Байжасаров астындағы орындығын алып Жанділдинге тұра ұмтылады. Абырой болғанда, Жанділдиннің көмекшісі дер кезінде кіріп келіп, хатшы аман қалады. Бірақ содан инфарктке ұшыраған Рахмалы Байжасаров көп ұзамай ауруханада кіжініп жатып көз жұмады. Тұрар Рысқұловтың көзін көрген, ол туралы теледидардан сөз айта алатын енді кім бар?

Кенет Ғабиден, кәдімгі Ғабекем, Мұстафин есіме сарт етіп түсе кетті». Бұдан әрі Тұрар Рысқұловтың көзін көрген Ғабиден Мұстафиннің әңгімесі жалғасады. Шерағаңның қазақтың ірі тұлғалар мен тұстас таланттар туралы жазғандары өз алдына, ешкімге ұқсамайтын ойлылығымен, стилі мен формасымен де тың әрі тек шындық әлеміндей айрықша. Бертінде жазылған «Ай мен Айша» романы жазушының балалық шағы мен арман-қиялдарының нөсер жауыннан кейінгі кемпірқосақтай түрленген көркемдігі, шығарманың стилі мен ой тазалығы, сұлу да кестелі тілдің шұрайлығы ғажап туындыны дүниеге әкелгенін, тұтас бір дәуірдегі Ана образын жасауда хас таланттың қолынан ғана келгенін әдебиетшілердің мойындауы бекер емес. Барысхан – Шераға ғой. Бұл шығармасын жазуға балалық өмірі ауыр да қиын кезеңде өткен жазушының ұзақ дайындалғанын өзі де айтады және сұрғылт заманда бауырына қысқан балапандарын азапты тағдырдан аман-есен алып шыққан Анасы арқылы бар қазақ баласының сүйікті аналарына қойылған сөз бен өнер ескерткіші деп айтуға болады. Шерағаның да зұлматты 37-жылдардағы келмеске кеткен кеңестік солақай саясаттың салдарынан әкелерін «халық жауы» атандырған, сөйтіп жазықсыз жандардың Қиыр Шығыстағы тайгада опат болған белгісіз, беймәлім сұмдықтарды ғұмыр бойы жүрегінен өткізгенін елестетудің өзі қиын. Мыңбұлақтағы өзі тектес мың баланың бірінің осындай жағдайда жетіліп, өсіп, өзі айтатындай, 1932 жылдары туған балалар қарашешек ауруынан жаппай қырылғанда, зәутінде, көрер жарығы бар екен, құрдастарынан аз бала ғана тірі қалған. Қапас өмірдің түрлі қасаң кезеңдерінен өткен жылдар, келе-келе, ержетіп, есейген кезінде байтақ елдің белі бекем, қаламы қуатты, азаматтық ұстанымы берік, туған жұртының аманаты мен артқан жүгін көтере алған айтулы перзенті, бірегей тұлға болатынына сенген әрі бір Алладан соны тілеген бір адам болса, ол – алтын құрсақты ардақты анасы еді. Үлкен өмірде күні кеше Мәскеуден оқу бітіріп, енді ғана журналистика саласына қадам басқан өрімдей тілшіге сенім артқан, өзіне ерекше сенген адамдар қатарының өмір жолы мен қарым-қабілетіне, шығармашылық танымалдығына қарап тұрсаң, қайран қалдыратын тұстары өте көп. Шарболаттай мығым, жаратылысынан тастүйін, терең ойлы жас жігітті ерте бастан тура тану мен оның жолын ашқан адамдар туралы сүйсініп айтудың өзі керемет әсер қалдырады. Қоғамның ірі тұлғалары кілең. Олардың өнегесі мен қамқорлығы, ізгі кісілігі хақында Шерағаның өзі құрметтеу, қарыз бен парыз тұрғысында ашық, риза пейілмен әрдайым айтып, жазып кеткенін байқайсыз. Мәскеуде студент кезінде күтпеген жерден кездескен Бауыржан Момышұлы еді. Әскери академияда генералдардың өзін оқытып жүрген қаhарман Баукең түу сонау Мыңбұлақ – Жуалының саф ауасын жұтып өскен ағайын ауыл баласын жолықтырып, алғаш тілдескенде-ақ көп жәйтті аңғарып, еңбек пен оқу іздеген жолынан үміт еткен болар. Қазақ жастары жоғары білімді маман болсын деп, атақты оқу орындарына жолдамамен жіберу үшін қабілетті түлектерді іріктеу кезінде Жамбыл облысын басқарған Асанбай Асқаровтай асыл азаматтың өз қолымен Жамбыл қаласындағы жалғыз қазақ мектебін бітірген Шерхан Мұртазаев пен Қаратай Тұрысов деген оқушыларға Мәскеуге оқуға жолдаманы тапсыруы да сәті түскен оқиға ғана емес, адам баласы ойласа да орындала бермейтін жағдай. Шерағаның интернатта қара нанды бөліп жеген бала досы Қаратай Тұрысовтың да көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері болғаны баршаға мәлім. Орталық комитеттің хатшысы, министр, Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісінің комитет төрағасы болды. Кезінде Бүкілодақтық кәсіподақтардың Орталық Кеңесінің хатшысы болып қызмет атқарған кезінде БҰҰ-ның мінберінен алғаш сөз сөйлеген қазақтың бірі. Мыңдарға, миллиондарға көркем туындылары арқылы асыл сезім сыйлаған, санамызға – сана, көзімізге – нұр, жүрегімізге жылу қосқан жазушылығымен қатар, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері болған Шераға шын әдебиет жүйріктері мен мемлекет қайраткерлерінің жақсылықтары мен үлгі тұтқан тұғырларының қадірін біліп, ағалық ақылды пейілдеріне тамсанып, кейінгі ұрпақтарды парасаттылыққа үндейді. Жазушы да пенде. Оның да арайлы қуанышы, қат-қабат қасіреті болады. Шерағаның өсу-өрлеу жолдары мен жылдары тақтайдай теп-тегіс, даңғыл болды немесе үндемей қабатын қызғаныш дейтін қызыл ит болған жоқ деп ешкім де айта алмайды. Бірақ адамды адамгершілігі мен қарым-қабілетіне қарап бағалайтын адал жандардың көзіне түсіп, көңіл аударған жағдайы жәй айтыла беретін құбылыстан да құдіретті күштің болғаны деп түсінеміз. Қараңызшы, «Лениншіл жас» газетінің (қазіргі «Жас Алаш») Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі қызметінен 1960 жылы осы басылымның бас редакторының орынбасары, бірақ сол кездегі Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысының ешбір ақылға сыймайтын орынсыз қылығына қарай бұл қызметтен кетіп, басқа жұмыс ұсынғанына қарамастан, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына барып жай әдеби қызметкер болып орналасады. Бір естелігінде сол бір жағдайға байланысты «Сонда барып бұл өмірде неше түрлі әділетсіздік, зұлымдық болатынын жан-тәніммен сездім» деп жазады. Бюродан шығып бара жатып біріншіге: «Адамды мұнша қорлағаныңыз қалай?» деп айтқаны сол күні жан-жаққа тарайды. Жас Шерағаның осылай бетке тура, әділ де оқтай қадалып айтар сөзінің түпкі төркінін табиғатынан екенін білеміз. Ал кемеліне келген ел ағасы шағында буырқанған Шераға 90-жылдардың басында, тура еске түсіп отыр, Телерадиокомитеті төрағасы қызметінде қазақ тілі хабарларының тым кеміп, ұлттық мүдде ескерілмей, ұлттық кадрларға жеткілікті назар аударылмағанын көріп, сезініп, сол олқылықтардың орнын толтыруға батыл кіріскен Шерағаны бірден «ұлтшыл» демесе де біраз айыптаған, сол үлкен бір жиында қайраткер қазақ тіресіп төрде отырғандарға қаратып; «Қызметтеріңізді аларсыздар, бірақ қазақ тілінің тағдыры үшін алаңдамай тұра алмаймыз. Мені де қолымдағы қаламым асырайтын шығар» деген бір ауыз сөзінің астарында рухтанған күш-қуат бар болатын… Ардақты жазушының ел мен жер, тіл мен төл мәдениет тағдыры жолында шындыққа шарт жүгініп, табандап, қаймықпай айтып өткен өмірі өзгеше күйінде өшпей келе жатқанында көп сыр бар… Сонымен аға басылымның бас редакторы Қасым Шәріпов пен оның бірінші орынбасары Абай Бейсенбаев «Лениншіл жастың» бұрынғы бас редакторы (кезінде Шерағаны жұмысқа алған өзі), сол Абай шәкіртін енді Шәріповке апарып, қызметке алдырады. Жас журналистің қаламы ұшқыр әрі өткір, нені жазса да тереңіне бойлап, ұғынықты етіп жазғаны ұнады ма екен, Қарағандыда жүріп өндірістік тақырыптарда небір проблемалық мақалаларымен тез танылған оны арада екі жыл өткенде «Лениншіл жасқа» бас редактор етіп бекітеді. Мұны талантты қаламгер «Ақ жолмен өткен азамат» деген жазбасында: «Бұл кездегі бірінші хатшы Өзбекәлі Жәнібеков, идеология хатшысы Камал Смайылов. Өзбекәліні танымаймын. Көрген кісім емес. Камал таныс. «Лениншіл жастан» өскен. Сонда деймін-ау, мені осы үлкен қызметке қоюға Жәнібеков қалай келісті?! Әрине, Камал айтқан шығар. Сөйтсе де, өзі көз жеткізу керек қой. Мені оған жақсы таныстырған газетте ылғи да жарияланып тұрған менің жазған очерк, мақалаларым болар. Сонда бұл Жәнібеков адамның түсіне емес, ісіне қарайтын болғаны ғой. Содан табаны күректей сегіз жылым «Лениншіл жаста» бас редактор болумен өтті. ЦК-да бірінші хатшы болып Өзбекәлі де осы шамалас отырды» деп еске алады. Таланттар бір-бірін жазбай таниды. Өзағаң Шерағаңды өз халқының жоғын жоқтап, мұң-зарын естіп қана қоймай, күрескерлік рухтың отын жағатын азамат, өжет редактор болатынына көзі жеткен болар, халықтың сөзін сөйлеген, қазақтың мүддесі үшін, талантты жас шығармашылық иелерінің жолын ашуда мейлінше батылдық танытты. Шерағаның редакторлық қызметінің аспандаған дәуірі жұртты жалт қаратты. Жастарды дүр сілкіндірді. Қазақ әдебиетінің жаңа, аса талантты толқыны тулағандай әсер қалдырғаны соншалықты, жастар басылымының таралымы ширек миллионға жетті-ау. Қазақтың байтақ даласында, түкпір-түкпірінде жүрген кілең таланттардың басын Алматыда қосқан редактордың ұйымдастырушылық зор қарым-қабілетін танытып, ұлт пен жастардың абыройы үшін кеудесін оққа тосқан батырлығы мен табанды мінезі сол кезде-ақ аңызға айналған болатын. Бұл жөнінде қаламгерлер қауымдастығында «Шерханның шекпенінен шыққанбыз» деп келетін талантты ақын-жазушы, көрнекті журналист-публицистердің небір тамаша мақалары мен эссе-әңгімелері бір емес, бірнеше том кітапқа арқау болғанын жақсы білеміз. Солардың басым көпшілігі республикалық жастар газетінде Шерағаның тұсында шыңдалып, шартарапқа атақ-даңқы шыққан қаламгерлер болып келеді. Бұл өзі қазақ баспасөзінде қайырыла қоймас бір дәурен еді. Қазақ редакторларының жаңа соқпағы, өзіндік мектебінің қалыптасуының ең жарқын көрінісі болатын. Сегіз жыл редакторлық қызметте сол қоғамдағы былық-шылықты ашық жазуға ұмтылыстың өзін де көтере алмайтын, әдебиеттегі жаңашылдыққа келісе бермейтін, сыңаржақ пікірі басым жағдайларды сынаған материалды көргісі келмейтін билікпен текетірестің қаншалықты миға, жүрекке салмақ салатынын, ол үшін темірден жаралғандай болмасаң, өзінікін ғана дұрыс санайтын үстемдік идеологиясымен күресу дені сау адамды сал ауру қылатындай еді зардабы. Соған шыдас берген әуелі қазақ қоғамында Өзбекәлі Жәнібеков еді. Жастар газетін қорғап, басшыларын ажалдан құтқаратын да сол кісі болатын. Бұған қарап, сол әміршілдік заманында да әділет жолынан таймаған адамдар болған екен деген ой келеді. Әділеттілік демекші, Шераға «Жастар газетін сегіз жыл басқардым, жасым болса ұлғайды. Ұдайы жастар арасында сақалды басыммен жүре бергенім жараспас» деп Өзағаңа екі рет арыз апарып береді. Үшінші рет барғанында «Жалын» деген альманах ашылды. Кейін журнал болады, соны жолға қоюға күш сал» деп жібереді. Бұл 1970 жылдың аяғы еді. Бұдан кейін Шерағаның республикалық ақпарат саласында «Қазақ әдебиеті» газетін, «Жұлдыз» журналын, «Егемен Қазақстан» газетін басқарып, Қазақстан Телерадио комитетінің төрағасы секілді жоғары дәрежелі лауазымда қызмет атқарған жылдары аса талантты тұлғаның ешкімге ұқсамайтын, мемлекеттік және ұлттық мүдденің биігінен танылған өте абыройлы қайраткерлігі ешкімнің еншісіне бұйырмаған, қазақтың арғы-бергі тарихында бас редакторлардың арасында мұндай мемлекет және қоғам қайраткері бұрын-соңды болмаған деген баға көзі тірісінде-ақ беріліп қойған. Ал Шераға танымал қаламгерлер мен ізбасар шәкірттерінің жылы лебіздерін соншалықты орынды айтылды десек те, салқындау қабылдайтын. Ауыр мінезіне сай жылы қабақ таныта салуы да қиын соғатын. «Мен осы жұрттың айтып отырған мақтауына лайықтымын ба, жоқ па» дегеннен гөрі өмір шындығы мен ақиқаттың орнығып, ел мен жұрттың келешегіне қаншалықты қызмет еттік деген қалың ой үстінде болатынын сезінбеу мүмкін емес. Атақ-даңқы қанша жерден дүрілдеп тұрса да, әлдекімдер секілді дүниеге қызықпаған адамның өзін сезінуі де басқалай болатын сияқты. Жеке дағдысы ма, басқалай қарағаны ма, әйтеуір, Шерағаның мың сан фотоларының арасында кеудесіне наградаларын немесе төсбелгісін тағып түскен суретін де кездестірген емеспіз. Сол баяғы мейлінше тік мінезді, сұстылау, көп күле бермейтін қалпында да биязы, жылылық лебінен өзгермейтін сезімтал адам. Алдыңғы толқын – ағаларының оты мол жүрегінен жылу алғандар қатарында Шерағаның іш тартып, қатты қадірлеген дара қайраткерлері аз деп айтуға келмейді. Ұлы жазушы М.Әуезовті әрдайым ұстаз тұтқан әдебиетші қауымның барлығы да ірілердің інісі болуға ұмтылғаны жасырын емес. Шераға да талғам мен зейін ерекшелігіне сай, әдебиет дәстүрінің үлгісімен өзіне Ғ.Мүсірепов,
Ғ.Мұстафин, С.Мәуленов, Т.Ахтанов,
Ғ.Қайырбеков, Ә.Нұрпейісов, Қ.Мұхамеджанов секілді көрнекті жазушыларды жанындай жақсы көріп, олардың шығармашылық талантына әділ баға беріп, шын тәнті болған. Бір ғана жазушы Асқар Сүлейменовтің немесе Әбіш Кекілбайұлының адамзат тарихына байланысты телегей-теңіз білімдарлығын соншама сүйсініп, дәйектеп жазған дүниесі екі қайтара жазылмайтын туынды дер едік. Сондай-ақ өзі жас кезінен барлық дерлік таңғажайып кітаптарын қазақша мөлдіретіп аударған Шыңғыс Айтматовты дара жазушы ғана емес, көріпкел жазушы деп бағалайды. Мұстай Кәрім секілді бауырлас елдердегі классик қаламгерлердің суреткерлік сыр-сипаты туралы да керемет мақалалар жазғаны өз алдына, бұл кісінің де үйрену мен ойласа алуына әсері аз тимеген. Талантты жастар шығармашылығы жайында да жазбалары көп. Бұл уақыт таба бермейтін жауапты да лауазымды қызмет пен тынымсыз қаламгерлікті қатар ұстаған адам үшін аса оңай соқпайды. Әсіресе, жазушы жазбаларында атақты академик Кәрім Мыңбаевтай қазақтың біртуар ғалымының Мойынқұм мен Бетпақдаланы суландырып, игеру жөніндегі бастамасының өміршеңдігін айтып, алайда елінің келешегі үшін жанын салып қызмет еткен атақты адамның белгісіз жағдайда апатқа ұшырағаннан кейін бұл бағытта ғылыми ізденіс мүлдем тоқтап қалғанына өкініш білдірген ойларын жиі оқуға болады. Абыройлы да адал азаматтармен, ерен тұлғалармен де, өзінің үзеңгілестерімен де, жас толқынмен де іні-аға болып сырласты. Шераға, қарап тұрсаң, тағдыр қиыншылығының көкесін көрген шығар, оған мойымаған, қайғы шеккен халқының мұң-зарын жүрегінен өткізген адамның көңілінен де, тілінен де не төгілер еді? Жалаң тарих көркем шығарма болмайды.

Тарихқа жан бітіру керек. «Қызыл жебе» романы арқылы қазақ тарихындағы ақтаңдақтар мен ауыр зардаптарды қайта тірілтіп, құбылмалы уақытқа еш мойынұсынбайтын Тұрар Рысқұлов туралы бес кітапқа ширек ғасыр өмірін арнаған Шераға сол кезде Одақ бойынша қоғам қайта құру саясаты желпіндірген 85-жылдардың жылымығында «Сталинге хат» және «Бесеудің хаты» деген пьесаларын жазып, ұлттық драматургияда жаңа сілкініс, тақырыптық бетбұрыс жасады. Мұндай шырғалаңы көп тарихи тақырыпта, сталиншіл жүйенің сойқандарын жария етуге батылы жеткен жазушының өзі де батыр болуы керек еді. Қазақтың белгілі жазушысы Қ.Жұмаділов айтқанындай, ол шын мәнінде табанды, батыр редактор әрі сол кеңес заманында өмір сүрсе де, саяси қуғын-сүргіннің салдарынан әкесінен айырылып, жүрегі тас боп қатқан шығар, сол іштей ыза-ренішін сыртқа шығаруды шығармашылық құдіретімен орындады деп ойлаймыз. Шерағаның кітаптары ішінде «Қызыл жебе» романының жолы ауыр болды. Бұл жөнінде өзінің тауы шағылып айтқан жері жоқ. Десек те, әдебиетшілер жағы мұны жақсы біледі. Сын шын болса, мақұл ғой. Жоқ, сол баяғы көре алмаушылық пен қызғаныштың кесірі кейбіреулердің өзін ыңғайсыз жағдайға қалдырған. Сирек жазса да салмақты, терең ой айтатын заманымыздың суреткері Ғабит Мүсіреповтің бұл кітап жайында көлемді рецензия жазып, талантты жазушының кезекті көркем шығармасының тарихи-әдеби мәнін аса жоғары бағалаған. Қазақ әдебиеті үшін оң олжа, шығармашылық табыс екенін айтқан. Шераға өзінің «Тұлпардың тұяғы» деген жазбасында Тахауи Ахтановтың атақты қаhарман Бауыржан Момышұлы дүниеден қайтқанда қабір басында жан-дүниесін ақтара хас шешендігі еселей ашылып: «Бауыржан Момышұлы – мына ноқталы дүниеде ноқтаға басы сыймай кеткен адам!» деді. Тахауи өзі де сондай еді-ау» деп жазады. Баукеңнің сом тұлғасы жайында жазушының «Ноқтаға басы сыймаған» пьесасының жазылуының қайдан бастау алғаны – дәл айтылған бір ауыз сөздің құдіреті емес пе? Өзі де айтады оны: «Таланттар раушан гүлі сияқты: жан-жағына жұпар шашады, көңіл ашады. Тікені – азабы өзіне. Талантсыздар шошқа тікен сияқты. Гүлдемейді. Азабы – өзгеге. Жамандық солардан».

Әдебиет әлеміне алғашқы қадамын 1955 жылы оқу бітіріп, қазақтың көркем әдебиет баспасына қызметке келіп бастаған жас редактор Сейфолла Оспанов, Ғафу Қайырбеков, Қасым Қайсенов, Берқайыр Аманшин, Әбдікәрім Ахметов, Сәуірбек Бақбергенов, Амантай Байтанаев секілді кілең сайдың тасындай тарландардың жатсынбай, жандарына алғанын сүйіспеншілікпен еске алып, жазады. Жақсылық пен аялы қамқорлық ұлылардың да өмірінде ең айшықты, ең ұмытылмайтын шақ болып, жүректерде жаңғырып, зейін-зердеде сақталып тұрады. Ал егемендіктің елең-алаңында Халық жазушысы өзінің құрдасы, азаматтық өмірде айырылмас досы, белгілі мемлекет қайраткері Камал Смайыловпен «Егемен Қазақстан» бетінде жыл бойы жазысқан хаттары халықтың көкейіндегі ең зәру, ең өзекті мәселелерді ашық және батыл қозғап, қоғамдағы кемшіліктер мен олқылықтарды өткір сынға алған көзқарастары ұлттық баспасөз тарихында айтулы кезең әрі екі үзеңгі достың туған елі алдындағы азаматтық парызын адалдықпен бірлесіп, үндесіп атқарудың жарқын үлгісі және қаламгерлік ерлік болып саналады.

Біз бұл жазбамызда қалың қазақтың қадірлісі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, жұртына пана болған тарихи тұлға, басына бақ қонған қаламгер Шерхан Мұртаза ағамыздың үлкен өмірде жолын ашқан, көп жағдайға себепкер болған ірі тұлғалар мен өзі ардақтап өткен адамдар туралы арнайы сөздер мен ұшқыр ойларын ұмытылмас, оқиғалы сәттермен сабақтастырып, оның ғибратын айтқанды жөн санадық. Заман үрдісіндегі стильмен жазылған «Бір кем дүние» кітабындағы қысқа қайырымдар мен оймақтай ойлар, нақышты новеллалар тұнып тұрған өмірдің өзі десек, қайраткер жазушының 90 жылдығына орай оның көп қырлы, күрделі және тау тұлғалы болмысын тапқырлықпен танытатын талай дүние жазылары анық. Хас талантты танудың өзі де дүйім дүние тәрізді…

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

03 желтоқсан, 14:17
Мектепте ақша жинау мәселесіне Ғани Бейсембаев нүкте қойды
26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?