
Қазақтың біртуар ұлы, композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірден озғанына биыл 30 жыл. Қазақ вальсінің королін еске алу үшін ақпанның соңғы күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада мәдениет және өнер қайраткерлері, кітапхана қызметкерлері, композитордың туыстары, БАҚ өкілдері мен эстрада жұлдыздары бас қосты.
Жиналғандар ғұмырын саз әлеміне арнаған Ән аға туралы естеліктер айтып, Шәмші өнерінің маңызына тоқталды. «Ақмаңдайлым», «Жақсыгүл», «Бақыттымын құрбылар», «Әнім сен едің», «Ән аға» сияқты әндері шырқалды. «Шәмші» деректі фильмінен үзінді көрсетілді. «Менің Қазақстаным» Әнұраны орындалды. Сондай- ақ кітап көрмесі ұйымдастырылды. Қазақ музыкасының алтын қорында Шәмші Қалдаяқовтың 100-ге жуық әні бар. Ол әлі де толығатын сияқты. Шәмші мұрасын насихаттап жүрген композитор Қалдыбек Құрманәлі өз қуанышымен бөлісті: «Шәмші Қалдаяқов – бүкіл қазаққа ортақ тұлға. Оны еске алу кештері өткізіліп жатыр. Айтылмаған әндері бар. 1958 жылы жазылған әндерін тауып алдым. Жақында ғана олжалы болдым. Қазан айында Шәмші Қалдаяқовтың 50 жыл бұрын жазған әнін архивтен тауып алдым. Керемет, ғажап ән».
Айдос ҚҰСАЙЫНҰЛЫ