Шәмші мен Есенғали

23 сәуiр 2021, 14:37

Тағы да мұңайып өткенді еске алуға, тағы да «Еһ, жалған дүние-ай!» деп күрсініп, эсселетуге тура кеп тұр. «Еһ…» деп күрсінетінім, өмірден ақын Есенғали да өтті.

Менің «курстастарым» өңкей «сен – тұр, мен – атайындардың» сортынан болатын. «Кіл талант еді» десем де ұялмаймын. ҚазГУ-де (біздің кезде сөйдеп айтатын) сонау 1977 жылдың күзінен 1985 жылдың жазына шейін (ортада әскери қызмет те бар) дейін ақындардан Қанипа Бұғыбаева, Есенғали Раушанов, Нағашыбай Мұқатов, жазушыдан Несіпбек Дәутаев, режиссерден Аяған Шәжімбаевпен «парталас» болу, шынында, кез келгеннің басына бұйыра бермейтін бақ қой.
Жазушы Мархабат Байғұттың «Бір дорба диплом» деген ғажайып әңгімесінде ұстаздарының бірі сырттай оқитын студенттерінің Орхон-Енисей жазбаларына арналған әдеби кештеріне қатысып, олардың оқуға деген ынталарына, жазуға деген қабілеттеріне риза болатын жері бар. Сол сияқты біз де сессияға берілген «қырық күндік» ғұмырнамамызда дәріс тыңдап, емтихан тапсырып жүріп, арасында қабырға газетін де шығаратынбыз. Сол қабырға газетінің өлеңдерін ылғи Есенғали жазатын.

Бір жолы, ақпанның суығы әсер етті ме, азу тісім зырқырап қақсап, жағымды басып тұр ем, бір қу маған білдірмей суретке түсіріп ала қойыпты да қабырға газетіне шығарып жіберген ғой. Суреттің астына:

Сабақты да ақсаттым көп,
Қиын екен әй, тегі.
«Ағай, тісім қақсап тұр» деп,
Сылтау айтсам қайтеді, –
деген бір шумақ өлең тұр.

Авторы көрсетілмесе де стилінен бірден таныдым. Есенғалидікі. Ең бастысы, газетімізге, өзіміз тұрмақ, өзгелер де риза болды. Әсіресе, «очниктердің атаманы» атанған Кенже маған қолын шошайтып, біразға дейін күліп жүрді.

Сырттай оқитындардың сессиясына берілетін «қырық күніміз» түгесілген соң, бір-бірімізді қимасақ та бәріміз жан-жаққа аттанамыз. Солардың бірі боп мен де «өз үйім – өлең төсегім» – Талас аудандық газетіндегі жұмысыма оралам. Ауылға келісімен бір аптаның ішінде Алматының «қызығы» мен «шыжығы» ұмытылып, газеттегі қоңыртоғай тіршілігім басталып кетеді.
Көрші кабинетте ақын Серік Томанов отырады. Қағаздан қол босағанда сол көкеме барамын. Ол болса, жазып отырған қағаздарын ысырып қояды да ақындардың жырлары туралы әңгіме тиегін ағытады. Сол кезде Есенғалидың жыр жинағын оқып жүр екен.

– Мынаң қараш, – дейді де:
Жатыры оның алтын деп,
Қабыланменен жанастым, —
деп жазыпты. Не деген сұмдық! – дейді тамсанып.

– Мә, шынында да осыған дейін ешкім айтпаған сөз ғой мынау, қайдан табады осындайды, – деп мен де таңғалам.

Мені таңғалдырғанына Секең жымың-жымың етіп, мәз болады.
Содан кейін «Есағаңның мынаусы да керемет, ә» деп, Шәмші туралы өлеңін көрсетеді.
Кейін мен Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетіне ауысып кеттім де, Серік екеуміздің әдебиет жайлы әңгімелеріміз біразға дейін үзіліп қалды.

* * *

Бірде ақын Жақсылық Сәтібеков көкем кабинетімізге тура Шәмшінің өзін ертіп келді. Дәл сол кезде «Қазақ әдебиеті» газетіне жазушы досым Нұрғали Ораздың «Шәмші қайда жүр екен?» деген мақаласы шығып жатқан. Шәкеңді жұрты Алматыдан жабыла іздеп, таппай жатқан кезде, қайран да қайран композитор ағамыз Жамбыл қаласының (сол кездегі аты ғой) іргесіндегі Дунгановкадан (қазіргі Жалпақтөбе) жер алып, үй салып жатыр екен де. Соны біреуден естіген Жақсылық көкем Шәкеңді іздеп барып, редакцияға ертіп кепті.

Жұрттың бәрі Шәкеңе жабыла сәлемдесіп жатқанда ойларында не болғанын білмеймін, ал менің есіме Есенғалидың Шәмші туралы өлеңі оралды. «Үйден алып келіп, оқып берсем бе?» екен деген ой да санамда зу ете түсті.

Жә, сонымен, үйдегі сықыған кітаптардың арасынан Есенғалидың Шәмші туралы өлеңі басылған кітабын тауып ап, жұмысыма әкеп қойдым. Ойым, кабинетімізге тағы да келе қалса, өзіне арналған өлеңді Шәмші ағаға оқып беру.

«Король» атанған көкем көп күттірген жоқ. Өңірінде «Ленин комсомолының лауреаты» деген төсбелгісі жарқырап, кабинеттің төріне оза берді. Қасында ақын Жақсылық Сәтібеков. Мен

Есенғалидың кітабын үстелімнің суырмасынан шығарып, алдыма қойдым.

– Аға, мына кітапта сіз туралы бір өлең бар екен, оқып берейін бе?

Менің көмейімнен күмілжіңкіреп барып шыққан сөз әсер етті ме, жәй күндері де жылы жүзді Шәмші ағаның өңінде ерекше бір мейірім пайда болып қасыма келді. Кітапты ұстап, мұқабасын көріп, «әдемі екен» деп қойды өзіне ғана тән қарлығыңқы үнімен.

– Қане, оқышы, – деді сосын.

Өлең ұзақтау еді. Бірақ ойнақы, жылы, сөздері де көркем кестеленгендіктен ұзақтығы білінбейтін. Мен де ұлы сазгерді жалықтырмау үшін барымды салып, көркемдеп оқып бақтым.

БАҚЫТ ҚҰШАҒЫНДА

Ол кезде басқа ел деген,
Бұл сөзім шын деп ұғыңыз…
Бесігін қыдыр тербеген,
Берекелі үйдің бірі – біз.
Жүреді әжем «құрғырлап»,
Асыр да салып жатамыз.
Білдірмей келіп, бір күнде-ақ,
Бойжетті екі апамыз.
Монтиған өңшең ботақан,
Көреміз пана оларды.
Сол жазда менің екі апам,
Бір әнге әуес боп алды:
«Кел, билейік, кетпе менің қасымнан,
Қызғалдағым таң нұрымен ашылған.
Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды,
Алматыда жаңа жауып, жауа жауып басылған».

Жауатын жиі жаңбыры,
Алматы ол не? Қала ма?
Билей ме онда барлығы?
Бәрі де жұмбақ балаға.
Кімдікі мынау бөлек ән,
Самалы басқа, сазы өңге?
– Үкіметтікі, – деді анам,
– Ұқсайды, – деді әжем де.
Екі қыз елең етпеді,
Жақпайды-ау, әсте, дау мына.
– Шәмшінің әні, – деп мені,
Басқан-ды бірі бауырына.
Қашты да кетті ертесін,
Ән болды ғажап, міне, бұл.
– Мен жамылам, – деп, – көрпесін,
Таласып жаттық кілең ұл.
Айтты да аз күн сол әнді,
Келер жыл көктем шығарда,
Кіші қыз тағы жоғалды,
Не болды, ей, тегі, бұларға?!
Жылады қимай шешеміз,
Ал әкей сыртқа жөнеді.
Тып-тыныш едік кеше біз,
Кім өзі Шәмші дегені?
Қапа боп «қатал» әншіге,
Қыс өтті, көктем оралды.
Өкпелеп жүріп Шәмшіге,
Өзім де салдым сол әнді.
Еске алсам бала шағымды,
Күлемін іштей осы күн.
Екі апам – екі үй кәдімгі,
Тербеген қыдыр бесігін.
«Ағалап» көп ұл қосыла,
Шығады алдан күлімдеп.
«Ел болмас жиен» осы ма?
О, тәубе, – деймін, құдырет!»
Саламыз әнге тағы біз,
Ол әннің, досым, бар сыры.
…Отырып алып бәріміз,
Мақтаймыз сосын Шәмшіні.

Мөлдірете жазылған әдемі әңгіме сияқты оқиғалы өлеңге Шәмші аға да разы болды-ау деймін, тіпті кей тұсына жымиып күліп те алды. Сосын:

– Өзің жаздың ба?– деді маған да ұнай бастаған қарлығыңқы даусымен. Сол дауыс әлі күнге дейін құлағымда тұр.

– Жоқ, – дедім, – Есенғали деген ақын бар Алматыда. Соның өлеңі. Сіз туралы болған соң кітабын әдейі үйден әкеп, оқып беріп жатқаным ғой.

– Пейіліңе рахмет, айналайын! Жақсы ақын екен, менен сәлем айтарсың.
Жадап-жүдеп жүрген адамға жылы сөз де ем, жылы лебіз де шипа. Шәмші аға сол жолы Есенғалидың өлеңін тыңдап бір марқайып қалды.

Бір қызығы, мен бұл жайлы Есенғалиға айтқан емеспін. Бірақ мен үшін ең бастысы, Шәмші аға өзі жайлы жазылған жақсы өлеңді өзінің көзі тірісінде тыңдап кетті мына жалған дүниеден.
Интернетте Есағаңның суреттері көп. Бәрі болған, толған шағындағы бейнелері. Ал мен алғаш көрген кездегі Есағаңның түрі өзінің мына жыр жинағының мұқабасындағы бейнесі сияқты болатын. Сол кез, сол сурет, сол сезім ең таза кез екен ғой…
Бақұл бол, Есаға!

Көсемәлі Сәттібайұлы

06 мамыр, 18:18
Дастан Өмірбаев: Алматыда өңдеу өнеркәсібі 21 пайызға артып, еліміздегі ең жоғары өсім қарқынын көрсетті
06 мамыр, 15:52
Түркістан: Әйелдер мен балалар қауіпсіздігі – күн тәртібінде
06 мамыр, 15:17
Түркістан полициясы оқушылардың қауіпсіздігіне мән береді
06 мамыр, 14:42
Түркістан: Екі ауылда полиция бекеттері ашылды
06 мамыр, 14:25
Түркістан: Арыста кадет сыныбына ерлікпен қаза тапқан полицейдің есімі берілді
02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз