«Шалғайдағы біздер шұлғауымызға шырмалып жүрміз»

19 наурыз 2020, 12:36

Jas qazaq газеті алыс аймақтар мен облыс орталықтарында тұратын зиялы қауым өкілдерін газет бетіне шығарып, олардың ой-пікіріне орын беріп отыруды дәстүрге айналдырды. Сөз қадірі бөз қадірінен қымбат болған кешегі кеңес тұсында әдебиеттің ауылы түтінін түзу ұшырып тұрған еді. Ал бүгінгі күні қалай? Осы сұрақтарды аймақтағы меншікті тілшіміз Көкшетау қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Серік Жетпісқалиевке қойып, ой бөліскен еді.

Jas qazaq: Құрметті Серік Сапарұлы, әдеби ортадан жырақта жатқан біздің өлкеде көркем әдебиеттің жайы қалай? Қоғамдағы көп кеселдің емін табатын да, адам жанын жақсылыққа баулитын да әдебиет емес пе еді? Бүгінгі күні сөз өнерінің сұйылуына не себеп?
С.Жетпісқалиев: Талантты, талғамды қаламгерлердің қолынан шыққан көркем әдеби шығармалардың бір мың, екі мың данамен ғана жарық көруі, яғни аздығы көптен сынға алынып келеді. Оның зардабын орталықта емес, шетте, шалғай облыс, аудандарда отырған біз анық сезініп отырмыз. Көптеген керемет, құлшына оқыр кітаптарымызды көре де, ала да алмаймыз. Газеттерден ғана «сондай кітап шықты» деген қысқа хабар, анонсты байқап қаламыз.
Бұған дейін «Кеңестік қоғамның бір жақсы жері көрнекті қаламгерлердің туындысын кем дегенде 40-50 мың данамен басып шығаратын. Оқырманнан сұраныс болса, қайта бастырып тарататын. Қазір де сондай тиражбен шықса» деуші едік. Енді бүгінгі таңда басқа бір шындық шаншудай қадала бастады. Ол – ғаламтор, әлеуметтік желіні ерттеп мінген жастардың кітап оқымауы, әңгіме, повесть, хикаят жарияланатын газеттерді жастардың қолға алмауы. Қанша түрткілесең де олар: «Әлеуметтік желіден, интернеттен оқып аламын» деп, кітап ұстаудан жалтара береді. Қалың-қалың роман-повестерді шұқшиып отырып, тұшынып оқиды дегенге көңілі түскір сенбейді. Шындықтың бетіне тура қарасақ, біздің өңірде соңғы 10-20 жылда прозалық шығарма жазуға құлшынған жас көрмеппіз. Себебі сол – прозалық шығармаларды оқымаудан шығар. Сондықтан, өресі биік, талғамы түзу, талапқа сай деңгейдегі әдеби туынды әзір қырық, елу болмай-ақ, жиырма, отыз мың данамен таралса да жететін сияқты. Соны таратып, насихаттап, оқуды жолға қойып алған соң, сұранысқа қарай басыла бермей ме? Дәл бүгін кітапқа таласып жатқан жастар жоқ қой… Қолға алып, астын сызып газет, кітап оқудың берері көп-ау. Кей тұсында ойға бөгіп, кей тұсын қайыра оқып, оңаша, әсем бір күй кешудің әсеріне не жетсін? Ерекше ықпалы бар мәдениет қой.
Jas qazaq: Кітап – жан азығы емес пе?
С.Жетпісқалиев: Кітап оқымаған соң талғамның төмендейтіні жанға батады. Орталықтарда, әдеби-мәдени ортасы қалыптасқан ірі қалаларда оңай шығар, шалғайда, еңселі дүниелер оқылып жатпаған, алып авторлар алшаң басып келіп, озық пікірін айтып ортамызда жүрмеген жерде, оқырман талғамы өкінішке қарай, құлдырап барады. Жұрт оқу оқып, көз майын тауысып, арман етіп, мақсұт қылып, өмірін сол жолға арнап, жазу машығын жетілдіріп ақын-жазушы атанғандармен «ауылдың алты ауызы» демекші, ағайын-туғанына, құда-жегжатына туған күніне орай құттықтау өлең жазып, оларын жинақтап, кітап қып түптеткендерді тең көреді. Жалпы, саз әлемінде, ән-өлең әлемінде болсын, «әуесқой» деген ұғым болушы еді. Ұмытылды. Асылықтан, біреуді кемсітуден Алла сақтасын! Бірақ жұрт кәсіби шығармашылық, кәсіби өнер мен әуесқойлықтың аражігін айыра алмай қалды. Бұл көркемдікке көзқарасты түсіріп жіберетін жағдай болса керек. Сонда, өсіп-жетіліп келе жатқан жастар талғамын қалай тәрбиелейміз?
Jas qazaq: Біз мұндай хәлге қалай жеттік? Себебі мен салдарын айта аласыз ба?
С.Жетпісқалиев: Оның салдары мен себебі жетерлік. Бірақ, біздің ойымызша, солардың ішіндегі негізгілері шын мәнісіндегі көркем әдебиеттің жетімді таралмауы, қалың оқырманға жетпеуі. Олар қолжетімді болып, жалауы желбіреп тұрса, қалың оқырман оқып, айтып жүрсе, оның айбары айналасындағы «шөп те өлең, шөңге де өлеңді» жасқар еді, мысы басар еді. Керемет, көркем шығарма қолына тиіп, тамсанып оқып шыққан әкесі соткаға үңілген баласына: «Мына кітапты міндетті түрде оқы!» деп тапсырмас па еді, сонда. Оқып болған соң пікір алмаспас па еді? Ол жолдастарына айтып, кітап қолдан-қолға өтіп, жалғаспас па еді? Қолына мықты кітапты нықтап ұстатып, тапсырмаған соң бала жай «кітап оқы» дегенді тыңдап тұр ма, бұл күнде?
Екінші, қара қылды қақ жарған әдеби сынның үнсіз қалғаны. Бар болса, тағы бізге, яғни Алматыдан алыс ауыл-аудан, облыстарға жетпеуі. «Бүгінгі қаламгерлер, бүгінгінің адамдары сынды көтере алмайды» деген тұжырым сыншыларды тежеп тастағандай. Төбеден төніп тұрған сыншысы жоқ әдебиетке енді ерінбегеннің бәрі өңмеңдеп кіріп жатқандай.
Jas qazaq: Өзіміз де осы сынның жайын сұрағалы отыр едік.
С.Жетпісқалиев: Бұрын, иә, сол кеңестік дәуірде жаңа бір шығарма оқысақ, көп кешікпей ол туынды туралы Зейнолла Серікқалиев, Бақыт Сарбалаев, Сағат Әшімбаев, Бекен Ыбырайым сияқты сыншылардың рецензияларын, талдау мақалаларын оқып, оның жақсы-жаманын, кем-кетігін, жетістігін, әдебиетке әкелген жаңалығын, қаламгердің стиль ерекшелігін түсінетін едік. Басқа кітаптарға сол көзқараспен, сол талғаммен қарай бастаушы едік. Сыншы мақаласы арқылы білгеніміз толығып, шынайы әдебиет туралы түсінігіміз түзеліп, талғамымыз өсетін еді. Не оқып, қай кітапты іздеуіміз керек екенін айқындап алушы едік. Қазір, сол шынайы шындықтан шет қалдық. Әсіресе, шалғайдағы біздер. Қазақша айтқанда, шұлғауымызға шырмалып, сүрініп-қабынып жүрміз. Демек, тек әдебиеттегі емес, қоғамдағы сыншылар атқарар жұмыс, ықпал орасан екен ғой! Жарасқан ағамыздың ақын-жазушы, өнерпаздарға жазған бір-бір ауыз эпиграммалары, пародияларының өзі бір үлкен дүние екен ғой! Қаншама пікір тудырып, талайларға етек-жеңін жидырып, кейінгілерді жайсыз күйге түсіріп, жасқап тастайтын еді ғой! Қазір соның бірі жоқ.
Jas qazaq: Қысқасы, сыншылардың терең, уәжді, қисынды, әрі-беріні қамтыған өрелі талдауына қолымыз жетпей, тақыл-тұқыл жүрміз дейсіз ғой. Демек, талғам байғұсымыз да там-тұмдап жиған білімімізге қарамастан, тоқырап, таяздана түскені ме?
С.Жетпісқалиев: Әйтеуір, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі, М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ұйымдастыратын ғылыми конференцияға келетін еліміздің үлкен ғалымдарының баяндамасын тыңдап, бір жасап қаламыз оқта-текте. Әңгімесін соңдарынан қалмай, аяқтарын үзеңгіге салғанға дейін тыңдаймыз. Өйткені, шарада берілген он бес-жиырма минутта олардың қоржынындағы жиған-тергені түгел айтылмайтыны белгілі. Айлап-күндеп жатуға олардың уақыттары жоқ. Кітаптарының жағдайы – жаңағындай. Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармония жылына бір «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» деп аталатын Арқа әндерін насихаттауға арналған фестиваль өткізіп, арқа-жарқа етеді. Әрине, олардың қонағы да асығыс. Бар білгенін өңір халқына сарқа жеткізіп кете алмайды. Тамсанып қала береміз.
Содан да «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» сияқты газеттерге, ежелгі серігіміз «Жұлдызымызға» жүгінеміз. Дидар Амантай, Амангелді Кеңшілікұлы сияқты білімдар әдебиетшілердің пікірі шыға қалса, оқып, қасқалдақтың қанындай кітаптарын іздестіреміз. Сирек кездестіреміз. Онымыз тәттінің дәмін әлдеқашан ұмытқан шалдың аузына немересі мұз кәмпит салып жіберген әлегі сияқты көрінеді. Қызығымызды созып, ұзақ қаужаңдаймыз. Алмас қылыштай әдеби сын болмаған соң талғам түзеуге тырысып, ірі қаламгерлердің әлдебір әріптесі туралы жазған мақаласын, пікірін, эссесін оқимыз. Олардың қатарында Серік Қирабаев, Роллан Сейсенбаев, Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Ғарифолла Есім, Сауытбек Әбдірахманов, Сұлтанәлі Балғабаев, Ғаббас Қабышев, Көпен Әмірбек сияқты ағаларымыз, Қали Сәрсенбаев, Жүсіпбек Қорғасбек сынды замандастарымыз бар. Қуаныш Жиенбай, Қуандық Түменбай, Нұрғали Ораз сияқты жазушылар шығармаларынан сөз бен ой сұлулығына қанығамыз. Амангелді Айталы, Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдіковтер, Құлбек Ергөбектің сұхбатын сүземіз. Қадыр Мырза Әлі қалдырған сыр, Шерхан Мұртаза қалдырған «Бір кем дүниеге», Жақау Дәуренбеков ағамыздың ой ұшқындарына жаутаңдап, айтқандарының астарын ұқпаққа ұмтыламыз. Қайран, Әш-ағам-ай! Әшірбек Сығай ағамыздың хабарын, сыр-сұхбатын қолға қалам алып, рахаттанып отырып көріп, көкжиегімізді кеңітетін кез көзден бұл-бұл ұшты ғой! Баяғы, Ақселеу, Жәнібек ағалардың хабары сықылды аңызға айналып жүре берді. Ондай сырбаз, білімдар эфирден көсіле сөйлеп отырса кәні?!..
«Сын түзелмей – мін түзелмейді» деуші едік қой. Өткір тілді, орамды ойлы, жеті қат жер астындағыны білетін біртуар сыншылардың мақаласын жиі оқыса, оқырман да, қаламгер де өсер еді. Кім қолына қалам алсын, желкесінен сыншы төніп тұрғанын сезіп, маңдайынан шып-шып тер шығар еді. Өзіне-өзі сыншы болу, сөз қасиетінен қорқу, жауапкершілікті сезіну дәрежесіне жету зор күш болып тұр.
Jas qazaq: Сыншы әдебиетке ғана емес, өнер атаулының бәріне қажет. Сынның ақсап тұрғаны соншалық, қазір журналистің «маскасын» киіп, атын малданып жүрген блогер де білім-білігіне қарамай, өтірік-шыны аралас, тексерілмеген ақпаратты қарша бората беретін болды ғой.
С.Жетпісқалиев: Талғам төмен болған соң қоғамның, жұрттың жел сөзге еруі оңай екен. «Ә» дегенде ақ пен қараны айыра алмай, көрінгенге иланып, әлдебір орынсыз уәжге бас изеп, жүгенсіздің пікіріне жығыла кету дегеніңіз жиі ұшырасады. Кәсіби, салмақты, сабырлы журналистиканың алдын көбіне ермек немесе танымалдылық, табыс іздеген блогерлер орап кетті. Мүмкін блогер емес, телефон ұстаған қарапайым тұрғын. Алдымен айтады, көбіне асыра сілтейді. Оның сөзінің шыншылдығын, айтқанының жөн-жосығын анықтауға ешкім мән бермейді. Содан орынсыз пікір өрбиді. Қоғамдық пікір туғызуда үлкен үлесі бар, әлеуметтік желінің жалауын желбіретіп жүргендерге әлдебір жауапкершілік жүктеліп, әдеп, мәдениет, сауаттылық, ұлттық ұстаным төңірегінен талап қойылып, ғалымдар бағыт-бағдар сілтеп, ағалар ақыл айтуы керек сияқты. Еркіндік жақсы, алайда отансүйгіштік, өз халқын, өз жұртын сүю, оның салт-дәстүр, әдет-ғұрпын құрметтеу, қалпын сақтау қажет емес пе? Кітап оқымаған, үлкенді сыйламаған, ұлттық құндылық бойына сіңбеген әлгіндей белсенділер «атың шықпаса, жер өрте» деп біреу сүрінсе, біреу жығылса, оның себебін ескермей, түймедейді түйедей етіп, желдірте жөнеледі. Өйткені, «сары басылымдардың» басты ұстанымы – сенсация екенін құлағы шалғаны бар. Сөйтеді де, жар басында жамандық күтіп жарбиып отырған байғұз, не қара қарғадай бағып отырады. Бола қалса, оған өтірікті қосып, оқиғаны үстемелеп, «тұздықтап» құтыртады. Оған көпшілік қосылып, әңгімені қоздырса, атының озғаны. Арада бірер күн өткен соң оның айтқанының дені өтірік болып шығады. Онысына қысылып жатқан кім бар? Өтті – кетті. Ол келесі оқиғаны күтулі.. Оны сынап-мінеп жатқан ешкім жоқ. Дұрысында, сенсация іздесе, оны жақсылықтан да табуға болар еді. Ел ішінде ерекше ерлік жасаған, ерекше өнері, қасиеті барлар толып жатыр. Тек оларды іздеу, тер төгу керек қой. Тосын оқиғаны қара аспанды төндіріп, төпелей жөнелу оңай.
Орталық телеарнада хабарды арнайы білім алған кәсіби журналист емес, әншілер, әртістердің жүргізуі сынға алынғалы қашан? Соңғы кезде бұл үрдіс мүлде күшейіп кетті. Экраннан әдемі көріну, танымалдылық арқылы аудитория тарту жөн. Алайда әнші-әртістерде дәл кәсіби журналист ұғып, сезіп-білер кәсіби түйсік, шеберлік жетіспейді. Соның салдарынан эфир қонағы еркінсіп, өзінің әлдекімде кеткен өшін алып, әдепсіздік көрсетіп, менмендік байқатып алып жатады. Кәсіби маман болса, әңгіме ауанын алдын ала аңғарып, оған жеткізбей, қонағын елге керек мәселені айтуға жетелер еді. Жақында бір тележүргізуші өзі хабарына тақырып етіп алған кітабын өзі оқымағанын айтты. Эфирден. Хабар үстінде. Мұны қалай түсінуге болады? Сынға құлақ аспағанның, сынның әлсіз болуы осындай кемшілікті көбейте беретін шығар.
Айтпағымыз, өресі биік көркем шығарма көбірек тиражбен басылып, өңір-өңірге кең таралса, білікті ғалым, жазушы, сыншы белсендірек болып, өткір ой-пікірін шалғайдағы оқырманына жеткізіп отырса, оқырман талғамын қалыптастыруға көбірек көңіл бөлсе дейсің. Бәлкім, сыншыларды ынталандырудың, оларды қорғаудың жолы қарастырылса ғой. Әйтеуір, талғам тәрбиеленбесе, түсінбестік көбейіп, тірелетін тығырықтың көбейе түсері сөзсіз.

Әңгімелескен Байкен Көбеев,
Ақмола облысы

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады