
KAZ Minerals тобы «Шығыстүстімет» ЖШС-ға қарасты Орлов шахтасында қайғылы оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, тағы бір адам ауруханаға жеткізілді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі компания сайтына сілтеме жасап. Оқиға 2 желтоқсанда сағат 09.00 шамасында болған. «Орлов шахтасының 12-нші жерасты қабатында компанияның үш қызметкері ессіз күйде табылды. Оқиға орнына келген мамандар екі қызметкердің қайтыс болғанын анықтады. Тағы бір зардап шеккен қызметкер ауруханаға жеткізілді. Оның жағдайы тұрақталды», — делінген хабарламада. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр, қайғылы оқиғаны тергеу мақсатында арнайы комиссия құрылды. KAZ Minerals тобының басшылығы мен ұжымы қаза болған қызметкерлердің туған-туыстарына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасты.