
Азаматтық некедегі әйелін пышақтап өлтірген семейлік азамат 12 жылға бас бостандығынан айрылды. Бұл туралы ҚазАқпарат ШҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
31 жастағы Б. Ложкин сүйіктісі С. Афонинамен 2012 жылдан бастап азаматтық некеде тұрған. 2017 жылы екі ғашық арасында жанжал туындап, әйел әкесінің үйіне қайтып барады. Арада жыл өткеннен кейін азамат сүйіктісімен қайта татуласып, ара-қатынастарын жалғастырады. Бірақ ол әйелінің басқа азаматпен көңіл жарастырып жүргенін біледі. Қанды оқиға осы жылдың 17 наурызында болған. Азамат өз үйінде анасы Е. Беляевскаямен бірге ішімдік ішеді. Кейін әйеліне бірнеше рет хабарласады. Бірақ ол телефон тұтқасын көтермейді. Қызғанышқа бой алдырған ол кешкі сағат 21.00-де асүй пышағын алып, сүйіктісінің үйіне барады. Есікті ашқан ағасына қарындасын шақыруды сұрайды. Ал келіншек далаға шыққан кезде бірден мойнынан қылқындырып, кеуде тұсынан 3 рет суық қаруды сұғып алады. Әйел сол жерде көз жұмған. Сот үкімімен азамат 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Және 3 млн теңге моральдық шығын төлейді.