
Жыл өткен сайын халықаралық білімге деген сұраныс артып келеді. Шетелдік диплом, бірнеше тілді еркін меңгеру — жарқын болашаққа бастайтын қадамның бірі. Әсіресе, мұндай дипломды нағыз Ховгартста, орта ғасырдан сақталған зәулім үйде орналасқан Австриядағы бірегей мектептен алса, жаман ба?
Австрияда білім алуға деген қызығушылық қазақстандық жастар мен балалар тарапынан бұрыннан бар. Мұндағы жайлы өмір, қауіпсіздік, жақсы экология, жоғары деңгейлі білім кімнің болса да көңілінен шығады. Оның үстіне Вена жыл сайын әлемдегі өмір сүруге қолайлы қалалардың алғашқы бестігінен көрінеді.

Біз әңгіме еткелі отырған Schloss Krumbach International School (SKIS) – 12-19 жастағыларға арналған мектеп-пансион. 7-12 сыныптарда (орта және жоғары мектеп) элиталық һәм жоғары сапалы халықаралық білім береді. Бағдарлама ағылшын және неміс тілдерінде, өзге шет тілін қосымша тереңдетіп оқытумен қатар, әр оқушының ана тіліне қолдау көрсетуді де қамтиды. SKIS — Австриядағы IB Diploma Programme, сондай-ақ A-Levels Кембридж жүйесі бойынша аккредитацияланған бірегей мектеп.

Біз осы мектептің директоры, экономика ғылымының докторы Оксана Воложанинаға жолығып, сұхбаттастық.

– Сіздің мектебіңіздің ашылғанына көп бола қойған жоқ. Өзі орта ғасырда салынған көне бекіністе қоныс теуіпті. Schloss Krumbach International School-дың бұл орынды таңдауына не себеп?
– Иә, біздің мектеп — Австрияда тұңғыш рет көненің көзі саналатын орта ғасырлық тарихи бекіністе орын тепкен бірегей білім ордасы. Орналасу жағынан жолымыз болды: Төменгі Австрия, әсіресе, Альпі тауларының шығыс шегіндегі біздің Bucklige Welt елдегі ең ғажайып мекеннің бірі саналады.

Bucklige Welt деген атаудың өзі неміс тілінен аударғанда «Мың төбешік мекені» деген мағынаны білдіреді. Табиғаты көркем жерде жайғасқандықтан, оқушыларға таза ауада қимылдап, белсенді өмір салтын ұстануға барлық жағдай бар. Осы маңайда түрлі марафондар, жаяу және велосипед турын өткіземіз. Жергілікті жерді бағдарлау, треккинг, шаңғы, сноуборд, конькимен сырғанауды ұйымдастырамыз.

Орта ғасырлық қамал XII ғасырда тұрғызылған. Ширек ғасыр бұрын бұл ғимарат Мeta Group мейманханалар тобына енді. Сол кезде 2 қанаты салынды.
Әрине, мектеп ашпас бұрын ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізілді.


— Әңгіме интернат туралы болғандықтан, ата-ана баласының қандай жағдайда өмір сүретініне мән беретіні сөзсіз. Оқушылардың бөлмесі бес жұлдызды қонақ үйден қалған мұра шығар?
– Балаларымның тәжірибесін есепке алып, еуропалық және ағылшын жатақханаларының қандай екенін өз көзіммен көргендіктен, біздегі тұрмыстық жағдай кез келген ата-ананың көңілінен шығады деп сеніммен айта аламын.

2020-2021 жылдары бес жұлдызды қонақ үйдің бөлмелері жөнделіп, қайта жабдықталды. Оқушылар аумағы 22-40 шаршы метр жарық та кең бөлмеде тұрып жатыр. Ұлдар мен қыздар жеке блоктарда жайғасады.

– Әр сыныпта қанша оқушы бар, олардың әрқайсысына жеке-жеке көңіл бөліне ме?
– Сыныптағы оқушының саны 16-дан аспайды. Тіл үйрету сабағы шағын топтарға бөліп жүргізіледі. Бұл топтар тіл деңгейіне егжей-тегжейлі лингвистикалық талдау жасалғаннан кейін құрылады. Бізде progress tracker деп аталатын оқу процесін бақылау бағдарламасы бар. Ол жайында біз ата-аналарды тұрақты түрде құлақтандырып отырамыз. Білім берудің аралық бөліктерін де жібереміз. Мұғалімдермен конференциялар өткіземіз.

Біздің 10-сынып әр оқушыға арналған дара тәсілдің озық үлгісі дер едім. Біз саналы түрде тұтас бір жылдың бағдарламасын оқушылар дипломдық деңгейде өздеріне ең қажетті және маңыздыны таңдай алатындай етіп құрдық. Әрине, оларға қай бағдарлама – IB DP немесе A-Levels – көбірек жарайтынын шешуге көмектесеміз. Сондықтан да орта мектебімізге қызығушылық танытқан үміткерлерге оқуды осы 10-сыныптан бастауға кеңес береміз. Бұл пән білімі тұрғысынан да, психологиялық шиеленіс жағынан да оқу орнын ауыстыруды жеңілдетеді. Әсіресе, балалар бұған дейін шет тілінде білім алып көрмеген кезде.

Біздің карьералық кеңесшілер, career counseling team, белсенді жұмыс істеп, студенттерге университеттерді зерттеуге көмектеседі. Соған орай, олар қай пәнге көбірек күш салу керектігін біледі. Стратегиялық жағынан түлектердің келешегін бағдарлап, университетке түсудің барлық кезеңдерінде қол ұшын созуға дайынбыз.

– Элиталық мектеп ұстаздар құрамының мықты болуын талап етеді. Schloss Krumbach International School-да кімдер сабақ береді?
– Мектептегі ұстаздар – жылдар бойы халықаралық тәжірибе жинақтаған, өз ісінің нағыз майталмандары. Мектебіміз Австрияда болғандықтан, осы елдің білім министрлігінің регламентіне бағынамыз. Соған сәйкес, мұғалімдерді іріктеу де ең жоғары сапа стандартына сай өткізіледі.


Бұл орайда оның педагогикалық білімі, тәжірибесі, ағылшын, неміс тілдерінде сөйлей алуы, сондай-ақ мектептегі жұмыс тәжірибесі есепке алынады. Сонымен қатар, IB DP және A-Levels бойынша пән жүргізуге мектеп атынан тіркеу үшін мұғалімдер тегіс IBO и Cambridge International-да кәсіби біліктілігін жетілдіретін білім курстарынан өтті. Барлық мұғалімдер билингвалдық білім беру ерекшелігімен таныс. Ғылыми дәрежесі және өзіндік жаңашыл оқыту әдістемесі бар.

Біз жан-жақты білім процесін қамтамасыз етуге қабілетті жоғары деңгейлі мамандардың интернационалдық, қызықты және кәсіби командасын құрдық.
– Мектепті бітіргенде берілетін аттестат қай елдерде, қандай жоғары оқу орындары үшін жарамды?
– IB DP де, A-Levels де жарамды орта білім беру аттестаты саналады. АҚШ, Ұлыбритания, Еуроодақты қосқанда, 130 елдің университеттері қабылдайды.

IB немесе A-Level дипломы бар түлек оқуға түсуге қажетті балл жинаса, қосымша емтихан тапсырудың қажеті болмайды. Тағы бір артықшылығы, оларға ағылшын тілін меңгеру деңгейі бойынша TOEFL немесе IELTS сияқты тіл сертификаттарын алудың керегі жоқ. Тіпті біздің 10 сынып оқушылары екі тілде билингвалдық әдіспен оқығандықтан, оларға неміс тілінен С1 (дипломға талап етілетін қосымша) тапсыру қиынға соқпайды. Олар Австрия мен Германиядағы тегін дерлік және биік сапасымен аты шыққан мемлекеттік жоғары оқу орындарына түсе алады.
— Әңгімеңізге рахмет!
Вероника ПАВЛОВА,
Нұр-Сұлтан