16 тамыздан бастап карантин талаптары жеңілдейтін болды. Бірқатар шағын және орта бизнес нысандары жұмысын бастайды. Бұл қуанарлық жағдай. Алайда, карантин шектеулерінің жеңілдеуі – індет жойылды деген сөз емес. Алдағы күзде аты жаман ауырудың екінші толқыны келуі мүмкін. Дегенмен, ковидтің беті қайтты.
Белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров та халықты сақ болуға шақырды. Е.Саировтың айтуынша, коронавирустың бірінші толқынында денсаулық сақтау министрлігі өздерін статист ретінде ғана көрсетті. Яғни, Ерлан Біртанов басқарған министрлік «Бүгін пәлен адам індет жұқтырды, пәлен адам көз жұмды» деген сияқты жалаң ақпарат берумен шектелгенін айтып отыр. Сондай-ақ саясаттанушы «Менеджерлік тұрғыдан бұрынғы министрлік ұтылды. Пандемияның екінші кезеңі басталады деп жатыр. Жаңадан келген министр Цой да сақ болу керек. Індет халықтың ішіне індеп кетті. Жерлестеріміздің көбі бұл вирусты жұқтырып, ауырып үлгерді. Карантинді алу керек. Халықтың жұмыс істеуі, ақша тауып, жанын бағуы керек. Өйткені, короновирус ең алдымен шағын бизнестерге кесірін тигізді. Шағын және орта бизнеспен айналысатын азаматтар нәпақасынан айырылды. Бірақ ең негізгі мәселе – азаматтар тәртіпке бағыну керек. Бетперде тағып жүруі керек, әлеуметтік арақашықты сақтау қажет» — дейді.